МТРА жаңалықтары

Заманауи аялдамалардың әйнектері ауыстырылуда

Қалада бұзақылар қиратқан аялдамалар қалыпқа келтіріліп жатыр. Биыл автобус күтуге арналған орындарды күтіп-ұстауға бюджеттен 7 млн теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа павильондар сырланып, сынған әйнектері ауыстырылуда. Вандализм фактілерін түп тамырымен жою үшін алдағы уақытта аялдамаларға бейнекамералар орнатылмақ.

Бұл – Нұрсұлтан Назарбаев көшесінде орын тепкен аялдама. Бірнеше күн бұрын вандалдар оның быт-шытын шығарыпты. Жарнама қағаздарын жұлып тастап, әйнегін сындырған. Қазір полицейлер бұзақыларды іздестіруде. Қол-аяғына қоғамға пайдалы іс таппаған жерлестеріміз анықталғанша дейін павильонды қалыпқа келтіру жұмыстары басталып кеткен. Мұндай жұмыс вандалдардың “құрбаны” болған өзге де аялдамаларда атқарылуда.

Дастан Қазиев, Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісі:

– Әйнектерді ауыстыру мәселесі бүгінде өзекті. Аялдамалардағы шыныны өте жиі сындырады. Бүгін 20 павильонды қалыпқа келтірмекшіміз.

Мұндай өрескел әрекеттер жеке секторда жиі тіркеледі. Бірақ, бұзақылар әйнекті сындырмайды екен. Олар оны жұлып әкетіп, өздеріне жаңа терезе ретінде орнататын көрінеді. Себебі, полицейлердің қолына түспейміз деп сенеді. Аялдамалар бейнебақылау камераларымен қамтылмаған. Яғни, ұрыларды табу қиын. Бірақ, қазір бұл мәселе шешіліп жатыр.

Дастан Қазиев, Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісі:

– Әйнегін жиі сындыратын аялдамаларды анықтадық. Оларға келесі аптадан камералар орнатамыз. Бейнебақылау жүйесін “Қазақтелеком” АҚ арқылы тартамыз. Жалпы, биыл павильондарды күтіп-ұстауға 7 млн теңге бөлінді.

Вандалдар бұзады, ал әкімдік қайта қалыпқа келтіреді. Бірақ, бұзақылар түзеліп, бұл еңбекті бағаласа дейді тұрғындар. Айналып келгенде материалдық шығынның орны бюджет есебінен толтырылады. Ал ол бұған болмаса, басқа бағытта кәдеге жаратуға болар еді.

– Әйнектен жасалған аялдамаларды нәзік деуге болады. Жауын жауғанда астында тұрып жаурап қаламыз. Адамдар әр түрлі. Вандалдар сындырып жатыр.

– Ескі аялдамаларға қарағанда павильондар әдемірек көрінеді, әрине. Бірақ, біздің ауа райына келмейтін сияқты. Вандалдардан бөлек, қатты желден де сынып қала ма деп қорқамыз.

Бүгінде облыс орталығындағы аялдамалардың 286-сы әйнектен және 86-сы металлдан жасалған. Тағы 19-ы гүл дүкендеріне жапсарлас салынған.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова