Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлют аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жүргізілуде

Қос қабат пен өткел қалыпқа келтіріледі. Жаңа лифт қойылады. Бүгінде Мамлют аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір мамандар нысанның ішін жоспарға сай етуде. Алдағы уақытта ғимараттың есік-терезелері мен электр сымдары түгелімен ауыстырылады.

Мамлют ауданындағы 2 корпустан тұратын емхана осыдан 44 жыл бұрын салынған екен. Содан бері бұл ғимарат күрделі жөндеуден өтпеген. Тек 1-ші бөлігінде ғана ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып отырған. Ал, 2-шісіне мүлдем сылау құралының ұшы тимеген көрінеді.

Марина Коробкова – Мамлют аудандық ауруханасының бас дәрігері:

 – Соңғы 5 жылда жөндеу жұмыстары жасалмады. Бұрындары жүргізіп тұратынбыз. Ғимарат 76-шы жылы тұрғызылған. Қазір іші-сырты ескірді. Және терезе мен есіктерін ауыстыру қажет.

Бұл – аурухананың 1-ші бөлігі. Ғимараттың қос қабатындағы терезе, есіктер тозған. Мамандар олардың барлығын су жаңаға ауыстырып жатыр. Бүгінде жоғарғы қабаттағы қабырғалары сыланып, боялып қойды. Шаруа аяқталып қалды десе де болады. Іс 4-ші мамырда басталған екен. Мамандар алдағы күндері астыңғы қабатты жөндеуге кіріседі. Мердігер емхананың келесі бөлігіне жеткізетін өткелді де қалыпқа келтіріп жатыр.

Емдеу мекемесінің 2-ші корпусында да жұмыс қызу жүруде. Мұндағы шаруа біріншісіне қарағанда сәл қиындау. Өйткені, ғимарат тұрғызылғаннан бері бұл жердің 2-ші қабаты мүлдем жөндеу көрмеген екен. Қазір жұмысшылар ескі бояуын түгел қырып тастап жатыр. Шаруа мамыр айының ортасында басталған.

Юрий Заикин – «Құрылыс-сервис-СК» ЖШС прорабы:

– Мамырдың 15-і күні қабатты демонтаждауға кірістік. 14 кабинет пен дәлізді түгел жөндейміз. Қабырғалар мен төбені тегістейміз, бояймыз. Сонымен қатар, 1-ші және 3-ші қабаттың баспалдағын жөндеп, оған кафель жапсырамыз. Қазіргі күні 14 терезені су жаңасына ауыстырдық, тағы 16-сы қалды. Шаруаны толық бір жарым ай ішінде аяқтаймыз.

Жалпы, Мамлют аудандық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу үшін 60 млн теңгеден аса қаржы бағытталған екен. Алдағы уақытта нысан ішіне науқастарды тасымалдауға арналған жаңа лифт орнатылады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан