Мәдениет

әл-Фарабидің тағылымына арналған онлайн жиын өтті

Әлемнің екінші ұстазы – әл-Фараби “Ең құдіретті адам деп  нәпсісін тыя алғандарды” айтқан. Ұлы ойшыл адамдарды ізгілік жасап, тату болуға шақырған. Өмірінің соңына дейін  бақытқа жетудің жолын іздепті. әл-Фарабидің тағылымы  сан ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Ұлы ойшыл әл-Фарабидің Отырар жерінде дүнеге келгені баршаға мәлім. Ол бала кезінде-ақ білім-ғылымға құштар болыпты. Ал жасөспірім шағында ірі кітапханаларды аралап, парсы, грек тілдерін үйренген екен. Осы және өзге де мәліметтерді біртуар тұлғаның атымен аталатын оқу ошағының директоры Күлімкөз Смаилова онлайн шара кезінде баяндап берді.

Күлімкөз Смаилова – «әл-Фараби» мектеп-лицейінің директоры:

– әл-Фараби өте дана болған. Туғанынан ерекше дарынды жан болыпты. Өмірі талай қызықты деректерге толы. Ол 10-нан астам қаланы аралап, білім іздеген. Өмірдің мәнін іздеген екен. Адамдарды бақытты болуға шақырған.

әл-Фараби түрлі қалаларды аралап жүріп, шаһарлардың тарихы мен мәдениетін тереңірек зерттепті. Өмірлік мәні бар оқиғаларды, құнды мәліметтерді қағазға түртіп жүрген екен. Осылайша өзінің 150-ге жуық еңбегін, яғни философиялық және ғылыми трактаттарын жазған. Бұл туындылар талай ғасыр өтсе де мән-маңызын құндылығын жоғалтқан емес.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– Адамның адамшылығы неде? әл-Фараби айтқан адамшылық адамның оның денесінде емес, рухы мен жанында деген. Өз-өзінің нәпсісін тыя алған адам – адамның ең құдіреттісі. әл-Фараби айтады: жаратылыстың ғылымын білмеген адам Жаратушыны да білмейді. Жаратушыны білмеген адам жаратылыстың сырын түсінбейді.

Бұл – ұлы бабамыздың 1150 жылдығына арналған 2-ші онлайн-шара. Алғашқы жиын мамырда ұйымдастырылыпты.

Гүлзат Әлжанова – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” аға оқытушысы:

– Шараның мақсаты – әл-Фарабидің ғылыми мұрасын, көп қырлы қызметі мен әлемнің тұрақты даму идеясын және жаратылыс ғылымдар саласын қарастыру.

Алдағы уақытта онлайн жиынға қатысушылардың пікірлері арнайы жинақ болып басылып шықпақ.