МТРА жаңалықтары

Өңірде отын қорын дайындау науқаны жүріп жатыр

Алты ай қыс болатын біздің өңірде негізгі отын түрі – ағаш пен көмір. Бір жылыту маусымында солтүстікқазақстандықтар ағаш отынның 400 мың текше метрін жағады екен. Әлбетте, тұрмыстық қажеттілікке кесілген жасыл желектің орны толтырылады.

Орманнан шынжырлы араның дыбысы естіледі. Мұнда “Қыстың қамын жаз ойла” қағидасын ұстанатын жандар қауырт маусымға отын дайындауда. Кесіп жатқандары – қайың. Оның себебін барлығымыз жақсы білеміз, бұл жасыл желек – біздің өңірде жеткілікті әрі өте қызулы келеді. Мамандар іске бірер күн бұрын ғана кірісіпті. Соның өзінде 25 мың текше метр ағаш әзірлеген екен. Оның барлығы жақын маңдағы 6 елді мекенге жеткізіледі. Қажеттілік туындаса облыс орталығындағы тұрғындарға да сатылады.

Серік Муханов – “Қызылжар орман шаруашылығы” КММ орман шебері:

– Жұмысты маусымның 15-і бастадық. Аумақта 4 адам еңбек етіп жатыр. Оның біреуі ағашты кеседі, ал үшеуі бұталап, бұтақты жинайды. Бұл аққайындардың бір бөлігі – материал, екінші бөлігі отын ретінде пайдаға жаратылады. Ағашты негізінен Шаховское, Бескөл, Бәйтерек, Трудовое және Чапаево сынды елді мекендерге жеткіземіз.

Қауырт шаруа жүріп жатқан Қызылжар орман шаруашылығының жалпы көлемі 68 гектарды құрайды. Бүгінде оның бір бөлігінде ғана отын әзірленіп жатыр. Аумақтағы ағаштар 2 бағыт бойынша кесіледі. Біріншісі – жалпы кесу. Мұнда сау жасыл желек жығылады. Ал екіншісі – санитарлық. Яғни, учаскедегі ауруға шалдыққан, суда тұрып, жапырақ жаймаған аққайыңдарға электр араның шынжыры тиеді. Айта кетейік, көркін жоғалтқан ағаштар далада қалмайды. Олардың 1 текше метрі 1600 теңгеден сатылады.

Ал оқтай түзу, сау ағаштардың 1 текше метрі – 2300 теңге. Сонда 1 машина отын қанша? Мамандар бұталған, кесілген дайын дүниені 30-35 мыңнан өткізеді екен. Жасыл желек кесіліп, табиғатқа зиян келді деп уайымдаудың қажеті жоқ. Шаруашылық өкілдері аққайыңның қатарын толықтырып отырады.

Қайрат Қалықов – “Қызылжар орман шаруашылығы” КММ директоры:

– Көктем, жаз айлары – отынмен қамдану маусымы. Бұл жұмыстар желтоқсанға дейін жүреді. Негізінен орман алқабын кескен сайын орманды толықтыру біздің мемлекеттік мекемемен әрдайым тексеріліп тұрады. 1 гектар алқап кесілсе, 2 гектар алқап егіледі.

Айта кетейік, жыл сайын өңірде 600 мың текше метр ағаш дайындалады. Оның 200 мыңы өңделіп, құрылыс материалы ретінде қолданылады. Қалғаны отын ретінде жағылады.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана