МТРА жаңалықтары

Биыл 400-ден астам мемлекеттік қызметші оқытудан өткен

Заң нормалары, мемлекеттік қызметшінің әдебі. Жергілікті мамандар қайта даярлаудан өтіп, біліктіліктерін арттыруда. Қазір дәрістер карантинге байланысты онлайн режимде өткізіліп жатыр.

Мына кабинетте мемлекеттік қызметшілер қайта даярлаудан өтіп, біліктіліктерін арттырады. Алайда, бөлме 3 айдан артық бос тұр. Карантинға байланысты лекциялар онлайн форматқа ауыстырылыпты.

Дәл қазір онлайн лекциялардың бірі өтіп жатыр. Экрандағы бейне анық, оқытушы мен тыңдаушылар арасындағы дыбыс та жақсы. Дәріс барысында қос тарап бір-бірлеріне сұрақ қойып, пікір де алмасуда. Бүгінгі қаузалған тақырып – “Мемлекеттік сатып алулар”. Дәрісті СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Айгүл Ширажиева оқуда.

Айгүл Ширажиева – СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы:

– Мен 1 күнде 3-4 лекция өткіземін. Оған 20-25 маман қатысады. Білім алушылардың барлығы да белсенді. Мұндай дәрістердің мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің сауаттылығы мен біліктіліктерін арттыру.

Жалпы, жыл басталғалы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жергілікті филиалында 400-ден астам мемлекеттік қызметші оқытылыпты. Оның 290-ы дәрістерге онлайн түрде қатысқан екен. Себебі – карантин, мамандар қашықтықтан жұмыс істеуге көшті.
Филиал директоры Лаура Қайыржанованың сөзінше, жаңа форматқа ауысу, тың режимде біліктілікті арттыру қиын емес екен.

Лаура Қайыржанова – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы СҚО бойынша филиалының директоры:

– Біздің филиал сәуір айынан бастап қашықтықтан жұмыс істеуде. Сәйкесінше, барлық дәрістер онлайн режимде өткізіліп жатыр.Жаңа форматқа тез бейімделдік. Ешқандай қиындық туындаған жоқ. Лекцияларды біздің ғана емес, өзге де ұйымдардың білікті қызметкерлері, басшылары оқиды.

Айта кетейік, Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында 10-нан астам маман қызмет етеді. Бүгінде оның тең жартысы қашықтықтан жұмыс істеп жатыр.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана