Құқық қорғау органдары

Апаттық-құтқару құралдарының көрмесі өтті

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Пестрое көлінің жағасында көрме өткізді. Іс-шара барысында келушілерді апаттық-құтқару құралдарымен таныстырып, жаңа жабдықтарын көрсетті. Тағы, профилактикалық рейд жүргізді.

Жаздың жайма-шуақ күндері Пестрое көлінің жағасында үлкен де, кіші де тынығады. Әсіресе, шомылу маусымында мұнда бақылау күшейтілген. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзінше, 1 тәулікте демалыс аумағын 3-4 адам қадағалайды. Араларында медицина өкілі де бар. Кезекшілік кезінде бұл жандар қандай жабдықтарды қолданады? Міне, осыны бүгін қызметкерлер көпшілікке көрсетіп жатыр. Олар “Солтүстік шұғыласы” стелласы маңында апаттық-құтқару құралдарынан тұратын көрме ұйымдастырған.

Еділ Зікірин – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушысы :

– Мұнда авариялық-құтқару инструменттері орналасқан. Олар – қолмен кесетін комбинированный инструмент, гидравлический инструмент, сүңгуірдің киімдері. Мұнымен жазда, күн жылы кезде суға түседі. Жилеткаға балон киіліп, сонымен судың астына сүңгиді. Жел беретіні бар, судың бетіне өзі шығады.

Жағажайда көрмеден бөлек, профилактикалық рейд те ұйымдастырылды. Оның барысында мамандар демалушылармен тілдесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, жаднама қағаздар таратты.
Құтқарушылар адамдарды рұқсат етілмеген жерде шомылмауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және суға масаң күйде түспеу түгілі, маңына жоламау қажет екенін ескертеді. Бұл ережелерді елемеген жағдайда демалыстың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін.

Биыл шомылу маусымы бастау алғалы өңірде 4 адам суға кеткен. Екеуі рұқсат етілмеген жерде сүңгісе, біреуі балық аулау кезінде, енді біреуі батып бара жатқан адамды құтқарамын деп өзі ажал құшқан.

 

 

Молдир Шаяхмет