МТРА жаңалықтары

Судың да сұрауы бар

Судың да сұрауы бар! Солтүстікқазақстандықтар тіршілік көзін үнемдеп, тиісті мақсаттарда ғана пайдалану қажет. Сонда жетіспеушілік орын алмайды. Әйтпесе, қазір кейбір жерлестеріміз тапшылық мәселесіне тап болып отыр екен.

Құбырдан аққан судың қысымы соңғы уақытта күрт төмендеп кетті. Елді мекендердегі тұрғындар осындай мәселемен жауапты органдарға көп шағымданатын болған. Мамандардың айтуынша, проблемаға себеп – ыстық ауа райы. Температура көтерілген сайын, жұртшылық та тіршілік көзін шамадан тыс пайдаланады екен. Одан қалды, ауылдағы ағайын таза ауыз суды өзге мақсатқа жұмсауды әдетке айналдырып алған.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Тұрғындар ішуге арналған суды бейберекет қолданады: бақша мен малдарын суарады, көліктерін жуады. Олай жасауға мүлдем болмайды. Бұл топтық су құбырлары мен елді мекен ішіндегі таратушы желілердің тұрақты жұмысына әсерін тигізеді. Салдарынан қысым күрт төмендеп, су ақырын қана ағады.

Судың да сұрауы бар. Сондықтан мамандар солтүстікқазақстандықтарға оны шашып-төкпей, үнемдеп жұмсау керектігін ескертеді. Бүгінде өңірдегі 214 ауылға “Есіл-Су” кәсіпорынының филиалы тіршілік нәрін таратып отыр. Мұндағылардың сөзінше, елді мекендерге су артығымен келіп жатыр. Сол себепті, жұртшылық тапшылықты мүлдем сезінбеулері тиіс екен.

Қанат Асқаров – “Нұра топтық су құбыры” РМК “Есіл су” филиалының директоры:

– Шарт бойынша 5 айда 1 млн 450 мың текше метр су таратуымыз қажет еді. Бірақ, біз көрсеткішті 1 млн 680 мыңға жеткіздік. Яғни, 7 айдың нормасын орындап тұрмыз. Бұл – өте көп.

Яғни, ауыз суды ауылдықтар мақсатты түрде, үнемді пайдаланса, дефицит болмайды дейді мамандар. Жаңағы бақша мен мал суару үшін елді мекендердің денінде котловандар да бар. Бірақ, пайдаланып жатқандар шамалы. Ол-ол ма, қысымның қалыпты болуына құбырлардың жағдайы да әсер етеді. Биыл облыс бойынша су тарату желілерін қалыпқа келтіру үшін бюджеттен 700 млн теңге бөлінген екен.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан