Халық тарих толқынында

Шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Өткен жылдардың өшпес іздері. Осындай атаумен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап шығармашылық байқау өткізді. Бүгін 2 жарым айға созылған дәл осы онлайн сайыстың қорытындысы жарияланып, үздіктер марапатталды. Шара барысында жүлдегерлерге мақтау қағазы, кубок пен ақшалай сыйлық табыс етілді.

Ардагерлерге тағзым. Мына видеода байқау қатысушысы Ангелина Данильченко Отан үшін от кешіп, ерлікпен көз жұмған атасына арнап өлең оқып жатыр. 6 жастағы балғынның өнері көптің көңілінен шығыпты. Ол 2-і орын иеленді. Бүгін оған тиісті жүлде табысталуда.

Ангелина Данильченко – Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектебінің оқушысы:

– Өлеңді аз уақытта жаттап алдым. Себебі, маған батыр аталарымыздың ерлігі баяндалатын өлеңдер ұнайды. Жүлдегер атанғаныма өте қуаныштымын.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған байқауға кез-келген жастағы адамдар қатыса алды. Тізімде Қызылжар орталық аудандық кітапханасының өкілдері де бар. Олар «Соғыс жылдарындағы әндер» аталымында бақ сынаған екен. Арнайы бейнебаянда да әзірлепті.

“Солдат пен құс”, “Күт мені”, “Ана туралы баллада”, “Жойылсын жалғыз сөз соғыз деген”. Міне, қызылжарлықтар осы әндерді шырқады. Тағы, видеода туындылардың тарихы мен авторлары жайлы ақпараттарды да слайд ретінде көрсеткен. Төккен тер бағаланды. Жерлестеріміз сайыста 3 орынды қанжығалады. Оларға мақтау қағазы, кубок және ақшалай сыйлық берілді.

Эльмира Кабиева – Қызылжар орталық аудандық кітапханасының директоры:

– Ол кездегі өлеңдер соғысқа қатысқан жандардың рухын көтеруге көмектесті. Адамдар туындылар арқылы еліне, туған-туыстарына деген сағыныштарын білдірді. Біз жас ұрпаққа соғыс жылдарындағы қиыншылықтар жайлы айтқымыз келді.

“Соғыс ардагерлерінің өмірін баяндау”, “Ұрыс жайлы жазылған кітаптарды оқу” және “Ардагерлерді құтықтау”. Жалпы, байқау 5 номинация бойынша ұйымдастырылды. Мұнда қатысушылар әр аталымның ережесіне сәйкес 5 минуттық бейнеролик жасапты. Кейін, еңбектерін қазылар алқасына жолдаған. Арнайы комиссия 15 бірдей туындыны үздік деп таныпты.

Ләззат Жолаушинова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК кітапханашысы:

– Байқау наурыздың 1-інен мамырдың 15-не дейін жалғасты. Жас айырмашылығында шектеу болған жоқ. Балалар да, үлкен де қатысты. Облыс тұрғындары 5 номинацияға сәйкес өз жұмыстарын ұсынды. Туындыларды әлеуметтік желілерде де көрсеттік.

Жалпы, С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастырған “Өткен жылдардың өшпес іздері” атты онлайн-шығармашылық байқауға өңірден 85 адам қатықан.

 

 

 

 

Маржан Касымбек