МТРА жаңалықтарыДенсаулық сақтау

Облыстық ауруханада заманауи МРТ аппараты іске қосылды

Облыстық ауруханада озық үлгідегі МРТ аппараты іске қосылды. Жалпы құны 550 млн теңге тұратын су жаңа магниттік-резонанстық томограф АҚШ-та жасалған. Тың дүние адам ағзасын жіті көрсетіп, диагнозды дәл қоюға мүмкіндік береді. Әрі заман игілігі кезекте тұрғандардың санын қысқартпақ. Қондырғымен аймақ басшысы Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты.

Монитордың ар жағында – мәскеулік мамандар. Олар жергілікті медицина қызметкерлеріне жаңа МРТ-ның жұмысын егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр. Құны 550 млн теңге болатын АҚШ аппараты әзірге – тестілеу режимінде іске қосылған. Науқастарды қабылдау тек келесі аптадан басталады. Қондырғының ерекшелігі сол – ол саусақтың тіпті ұсақ буындарын жіті көрсете алады. Нәтижесінде диагноз өте дәл қойылады. Ал, бұрынғы МРТ-мен жұмыс істегенде ақ халаттылар мұндай маңызды деректі армандаған екен.

Юрий Белоног, облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Ескі МРТ 12 жыл жұмыс істеді. Ол Қазақстан бойынша өте ұзақ қызмет еткен медициналық құрылғы болатын. Жұмыс қабілеттілігін арттыру үшін біз қомақты қаржы құйып отырдық. Былтыр жеке резервтен жөндеуге 50 млн теңге бөлінді. Жаңа қондырғы болса, өте берік. Ескі аппаратпен 2 кезекте 20 зерттеу жасайтынбыз. Енді көрсеткіш артады деп күтілуде.

Дәлірек айтқанда, ескі және жаңа МРТ-ның қауқары тәулігіне 30 науқасты қабылдауға мүмкіндік бермек. Соңғысының арқасында кезек бір айға қысқарады. Бірақ, бұл да тым ұзақ. Жағдайды жыл соңына дейін онкодиспансерде орнатылатын тағы бір МРТ түземек. Орташа алғанда зерттеулердің 30 пайызы қатерлі ісікке шалдыққан жандарға жасалады екен. Науқас қажетті процедураны бір аптаның ішінде өтуі тиіс дейді Құмар Ақсақалов. Заман игілігімен танысу барысында аймақ басшысы тағы медициналық қызметтің сапасы тек білікті мамандар мен тың технологиялардың есебінен артатынын атап өтті. Сондықтан денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жылдан-жылға артуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын бөлінетін қаражатты көбейтудеміз. 2018 жылы құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 600 млн теңге бөлінді. 2019 жылы 2,8 млрд теңге бағыттадық. Дәл осынша қаржыны биыл да бөліп отырмыз.

Өңірде медициналық кадрлар тапшылығы байқалады. 238 дәрігер қажет бізге. Биыл бос орындардың 120-сы жас мамандардың есебінен жабылмақ.

 

 

 

Эльмира Садвокасова