Құрылыс

Новоишимское селосында 5 қабатты тұрғын үй салынуда

1 млрд 28 млн. 5 ай ішінде Ғ.Мүсірепов ауданының құрылыс саласында осынша қаржының жұмысы атқарылыпты. Алдағы уақытта көрсеткіш тағы да артады. Тамыз айында Новоишимское селосында көпқабатты баспана қолданысқа тапсырылмақ. 50 пәтерлі үй 100 пайыз қазақстандық материалдардан тұрғызылуда. Оның тең жартысы – мердігер компанияға тиесілі.

Кең, жылы әрі жарық. Новоишимское селосында салынып жатқан мына баспананы осылай сипаттауға болады. Тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылдың қыркүйегінде бастау алды. Бүгінде мердігерге ішкі жұмыстарды біржақты ету қалған. Қабырғаларды тегістеп сылап, плита төсеу керек. Бүгінде бұл шаруа атқарылып та жатыр.

Дәурен Бірімжанов, учаске бастығы:

– Жұмысты жоспарға сай атқарудамыз. Қазір ішкі әрлеу жұмыстарынан бөлек, жарық пен су, кәріз жүйесінің желілері де тартылып жатыр. Учаскеде 50 адам еңбек етуде. Шаруаның 90 пайызға жуығы тәмамдалды. Баспананы халық игілігіне тамыз айында тапсырамыз. Нысанның жалпы аумағы 4200 шаршы метрді құрайды. Үйде барлығы 50 пәтер болады.

Үй кезегінде тұрғандар үшін бір бөлмелі – 17, екі бөлмелі – 19 және 3 бөлмелі – 14 пәтер қолданысқа беріледі. Баспаналардың аумағы 35-тен 65 шаршы метрге дейін жетеді. Іске «ПМК-5» серіктестігі – жауапты. Жоба құны – 481 млн теңге. Құрылысқа компания 100 пайыз қазақстандық материалды қолдануда. Жылжымайтын мүлікті тек отандық өнімнен тұрғызуға мердігердің мүмкіндігі бар. Себебі, оның тең жартысын өздері шығарады. Мәселен, пластик терезелер, бетон плиталары мен ағаш материалдарын оларға іздеудің қажеті жоқ. Маңызды шаруа аяқталысымен мердігерлер нысанның алдың аббаттандыруға кіріспек. Мұнда баскетбол алаңы мен ойын алаңқайы тұрғызылады.

Айдын Қазжанов, Ғ.Мүсірепов аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

 – Бізде аудан бойынша 495 адам кезекте тұр. Бұл пәтерлерге көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар ие болады. Жалпы ауданда өткен 5 айдың ішінде 1 млрд 28 млн теңгенің жұмысы істелінді.

Жоспарда аудан орталығында 50 пәтерлі тағы бір баспананы тұрғызу бар. Бүгінде тұрғын үйдің жобалық сметалық құжаттамасы дайын екен.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова