Қоғам

Мамлютка қаласында спорт және ойын алаңқайы салынуда

Ағайынның өтініші ескерілді! Былтыр Мамлют ауданы әкімінің есептік кездесуінде жергілікті тұрғындар басшыдан балаларға арналған спорт және ойын алаңын салуды сұрапты. Қазір жерлестеріміздің бұйымтайы орындалып жатыр. Бүгінде Мамлютка қаласында футбол, ворк аут пен кішкентай ұл-қыздарға арналған алаңқай тұрғызылуда. Іс маусым айының соңында аяқталмақ.

Бұрын құрылыс жүріп жатқан жерде мешіт болыпты. Алайда, өткен жылы оқыс оқиға орын алып, нысан жанып кеткен екен. Мамлютка қаласының орталығындағы аумақ бос тұрмас үшін жергілікті билік тың жобаны қолға алған. Бүгінде мұнда спорт және ойын алаңқайы тұрғызылып жатыр.

Серік Бакеев – Мамлютка қаласының әкімі, Мамлют ауданы:

– Аудан әкімі есеп берген уақытта осы жақтың халқы спорт алаңқайын салып беруді сұрады. Тұрғындардың өтініші ескерілді.

Іс екі апта бұрын басталған. Қазір мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар, әсіресе жастар асыға күткен аумақта «workout» аймағы болады. Яғни, тренажерлер орын тебеді. Оған қоса, футбол мен балалар ойын алаңы жасалады. Мамандар бүгінде шаруаның 70 пайызын тәмамдап қалыпты.

Ермек Жұмабеков – «Master Group» ЖК бригадирі:

– Мына жерде 2 бригада жұмыс істеп жатыр. Мамандар қазір алаңға құм мен қиыршық тас төсеп, тротуарларға кеспе тас орнатуда. Аумақты профлист және тормен қоршадық. Бұл – балалардың қауіпсіздігі үшін. Енді, учаскенің қалған бөлігін асфальттап, тренажерлерді қоямыз.

Осылайша көпшіліктің тілегі орындалады. Нәтижесінде мамлюттік тұрғындар жайдарлы жазды көңілді өткізе алады. Бұл алаңды жақын жерде тұратын кішкентай ұл-қыздар асыға күтіп жүрек екен. Өйткені, олар ойнау үшін алысқа баратын көрінеді.

– Мен салынып жатқан алаңқайға жақын жерде тұрамын. Үйдің жанында ойын алаңы тұрғызылып жатқанына өте қуаныштымын. Енді достарыммен осында ойнайтын боламыз. Бұрынғыдай алыс жерге бармаймыз.

 – Қазір достарыммен таяқтан қақпа жасап футбол ойнаймыз. Ал жақында жаңа алаң қолданысқа беріледі. Сонда нағыз футбол ойнайтын боламыз. Тренажерлерге де келіп денемізді шынықтырамыз.

Бұл орынға жарық шамдары да орнатылады. Қызметкерлер істі маусым айының соңында аяқтаймыз дейді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан