Денсаулық сақтау

Эпидемиологтар бұқарадан жауапкершілік танытуды сұрайды

Оларға атақ, марапат емес, елдің амандығы қажет! Маусымның 21-і – қазіргі таңда күшейтілген режимде еңбек етіп жатқан медицина саласы қызметкерлері күні. Атаулы дата қарсаңда әріптестерім санитар-эпидемиологтарды мерекемен құттықтап, тілдесіп қайтты. Бүгінде бұл жандар әлем жұртын әбігерге салған індетпен күнделікті күресуде.

Ерке Есілдің жағасында Ләззат Арықпаевамен серуендеп келеміз. Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында сұхбаттаспаққа маманды бір-екі сағатқа сұрап алдық. Кейін ол лезде қызметіне қайта оралады, өйткені жұмысы күтіп тұр. Нәзікжанды – санитарлық фельдшер. Иә, “бәленшеден коронавирус табылды” деген ақпар түскенде, індет ошағына ол бірінші болып бас сұғады.

Ләззат Арықпаева – Петропавл қалалық тауарлар мен көрестілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы эпидемиология бөлімінің бас маманы:

– Біз киініп, ауырған тұрғындардың үйіне барамыз, олар тығыз немесе потенциалды байланыста болған адамдарды анықтаймыз. 3 сағаттың ішінде бізге бәрін табу керек.

Ләззат апай мен оның әріптестеріне қазір оңай емес. Күн болсын, түн болсын – бәрібір, ошақ табылса, эпидзерттеуге шығу керек. Науқастармен тілдесу, байланысқа түскендерді іздеу, табу – осының бәріне небәрі бірнеше сағат. Індетті жұқтырып алу қорқынышы тағы бар. Бірақ, басты қиыншылық, жұрттың жауапсыздығында дейді маман

Ләззат Арықпаева – Петропавл қалалық тауарлар мен көрестілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы эпидемиология бөлімінің бас маманы:

– Көбі қайда болғанын, қайда барғанын, кіммен кездескенін айтпайды. Эпидзерттеу барысында сол қиындық тудырады. Біз қоңырау шалып, іздейміз. Бізге оларды қайтсек те табу керек. Тұрғындар бізді түсінбейді, бұл ауруды “өтірік” дейді.

Сенбегесін, есігін ашпайды, балағат сөздің астына алады. Ал, өлкеде індет қайта белең ала бастағалы жұмыс бірнеше есеге көбейген. Инфекциялық костюм, респиратор, көзілдірік пен өлшемі үлкен етік – күнделікті киімімізге айналды дейді Машекер Тулеуова. Ол да эпидемиолог, ол да науқастармен тілдеседі. Қызметтің ауырлығына ет үйренгелі қашан, бірақ кезекті вирус ошағына бет алғанда ойға бірақ нәрсе оралады – бәрі тезірек бітсе екен.

Машекер Тулеуова – Петропавл қалалық тауарлар мен көрестілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы:

– Жедел жәрдем көлігінің терезесінен қарап отырғанда еріксіз “Шіркін, мен де аяғыма туфли, үстіме әдемі көйлегімді кисем ғой” деген ой келеді. Көшеде серуендеп жүргендерге қызыға, қызғана қараймын. Шығып, таза ауамен еркін тыныстап, армансыз қыдырғым келеді.

Алайда, бұл әзір мүмкін емес. Маман мұны түсінеді. Олар болмаса, тәжді вирус елде бұдан бетер құтырар еді, құрбандардың саны бұдан да көп болар еді. Көйлек пен туфли киіп, қыдырар шақ ерте ме кеш пе туар, ал қазір қызметті абыроймен атқару керек. Отанасының жұмысына отбасы мүшелері де түсіністікпен қарайды. Мәшекер Төлеуова – 3 баланың анасы. Кенжесі – үш жаста. Үйге кіріп келген мамасын ол бірден құшақтағысы келеді, бірақ болмайды. Бұл – тым қауіпті.

Мәшекер Төлеуова – Петропавл қалалық тауарлар мен көрестілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы:

– Мен оған “жолама” деймін, ал ол неге екенін түсінбей жыламсырайды. Маған алдымен душ қабылдау керек, өзімді тазартуым керек. Содан кейін ғана құшақтап-сүйсем болады. Қызметімнің салдары жанұяма тиіп, жақындарым ауырып қала ма деп қорқамын. Сондықтан, олардан барынша оқшаулануға тырысамын. Қиын, әрине, бірақ басқалай болмайды.

Саят Ермек – тілші:

 – Кейіпкерлерімізбен дәл осы Жеңіс саябағында сұхбаттасуымыздың астарында үлкен мән жатыр. Өйткені, 41 мен 45-тің аралығында аталарымыз қолдарына қару алып, фашизммен күрескен еді. Ақыры соңында жеңді. Ал бүгінгі жаудың болмысы тіпті басқа. Ол көзге көрінбейді, адамды іштен жейді, денсаулыққа тұтқиылдан тап береді. Онымен күресте санитарлар, медбикелер мен дәрігерлер алдыңғы шепте жүр. Біз оларға тәжді вирустың таралуын тоқтатып, жеңісті жақындатуда көмектесе аламыз. Бұл үшін көп нәрсенің керегі де жоқ. Керегі тек сәл шыдамдылық, жауапкершілік пен тәртіп.

Мәшекер Төлеуова – Петропавл қалалық тауарлар мен көрестілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы:

– Победа над инфекцией зависит от каждого человека, как человек будет самоизолирован.

 

Ләззат Арықпаева – Петропавл қалалық тауарлар мен көрестілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы эпидемиология бөлімінің бас маманы:

– Көпшілік жерде масканы киіп жүріңіздер, қашықтықты сақтаңыздар, дүкендерге барғанда маска тағыныңыздар, үйге келгенде қолды сабындап жуыңыздар немесе антисептикпен өңдеңіздер.

Қауіпті індетпен күнделікті бетпе-бет жүздесетін бұл жандарға біздің амандығымыздан басқа еш нәрсе керек емес. Ал біз, қарапайым халық, олардың қажырлы еңбегіне қарапайым “рақметімізді” айтсақ артық етпейді.

 

Саят Ермек