COVID-19: ҚазақстанЕрiктiлер

Қалада дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде

Петропавлда дезинфекциялау жұмыстары қайта жүргізіліп жатыр. Маңызды шаруа маусымның 15-і, яғни карантин ережелері күшейтілген күннен бастау алған. Бұл жолғы зарарсыздандыру ісіне студенттер де атсалысуда. Олар облыс орталығындағы аулаларға, үйлердің іші мен маңына сұйықтық шашып жүр.

Ерікті жастар үстеріне ақ костюм киген, беттерін маскамен тұмшалаған. Бүгін олар дезинфекциялау жұмысын Береке ықшам ауданынан бастамақ. Іске кіріспес бұрын арнайы ыдыстың ішін сумен толтырылды, тиісті қоспа қосылды. Кейін, жігіттер балалардың ойын алаңқайларын, артынша көпқабатты үйлердің ауласы мен подъездерін зарарсыздандырып шықты.

Қазіргі таңда жауапты істі 21 белсенді атқарып жатыр. Оларға еңбекақы төленеді. Табыс – 70 мың теңге. Алдияр Жылқайдаров жазғы демалысымды тиімді өткізейін әрі қиын-қыстау кезеңде қоғамға пайдамды тигізейін деп қатарға қосылыпты. Бүгін еңбек етіп жатқанына 3-ші күн.

Алдияр Жылқайдаров:

– Жұмыс жайлы instagram-дағы хабарламадан оқыдым. Сосын бірден осында келдім. Күніне 7 рет суды ауыстырамыз. Өз достарымды да шақырдым.

Жалынды жастар күніне 400-ден астам үйдің ішін, маңын және осынша ойын алаңқайын дезинфекциялайды екен. Оған шамамен 1000 литр арнайы сұйықтық кетеді. Айта кетейік, дихлор ерітіндісі айналаны зарарсыздандырып қана қоймай, маса, кене сынды зиянды жәндіктердің де көзін жояды. Бұған тұрғындар дән риза.

– Осы дезинфекциялаудың арқасында облысымызда ауру жұқтырғандардың саны аз. Осы жұмыстарға ризамын.

– Зарарсыздандыру жұмыстары жиі жүргізіледі. Оны байқап жүрміз.

Алдағы уақытта арнайы киім киген жастар қаланы толықтай зарарсыздандырмақ. Жалпы, бұл іс маусымның 15-і күні бастау алған екен.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі кезде COVID-19-ды жұқтырғандар саны өңірде де өсіп жатыр. Осыған байланысты қалада карантин талаптары күшейді. Маусымның 15-нен зарарсыздандыру жұмыстары қайта басталды. Студенттерді де осы іске тарттық. Олар таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін қызмет етеді.

Дезинфекциялау жұмыстары қашанға дейін жалғасатындығы белгісіз. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, барлығы эпидемиологиялық ахуалға байланысты.

 

 

Маржан Касымбек