МТРА жаңалықтары

Жолдарға жауапты басқармада парақорлық қаупі бар

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында сыртқы анализ жүргізген. Сәуірдің 21-інен маусымның 5-іне дейін мамандар ведомстводағы парақорлық тәуекелдерін тексеріпті. Бақылау нәтижелері бүгін белгілі болды.

Облыс жолдарына жауапты ведомствода парақорлық қаупі бар. 1,5 ай бойы жемқорлыққа қарсы жергілікті қызмет өкілдері басқармада сыртқы анализ жүргізіп, бірқатар олқылықтар тапқан. Мәселен, көп жағдайда жөнделген учаскелерді қабылдар кезде техникалық бақылау жүргізілмейді екен. Яғни, атқарылған шаруаның сапасы тексерілмей жатады.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Мәселен, Есіл ауданындағы «Покровка-Корнеевка-Горное» ауылдарын байланыстыратын трасса мен “Еленовка-Арықбалық-Чистополье -Есіл» трассасындағы орташа жөндеу техникалық бақылаудың тексеруінсіз қабылданған. “Автомобиль жолдары туралы” заңға сәйкес техникалық бақылау міндетті емес, оны мердігердің өзі жүргізе алады, ал “Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы” заң бойынша бұл – міндетті шару.

Яғни, қарамақайшылық. Осының салдарынан жолды жөндеген мердігер “тапсырдым”, ал басқарма басшысы тексермей-ақ “қабылдадым” деп қол қоя салуы мүмкін. Ал құжаттағы сол қолтаңба үшін кәсіпкердің “откат”, яғни бастырық бермегеніне кім кепіл? Кейін жұртшылық “сапасыз” деп шырылдайды. Бұған дәлел – Заградовка мен Қайранкөл оқиғасы. “KazFortis” компаниясы қос ауылдағы ағайынның обалына қалды емес пе?! Жаңа асфальт жыл да шыдамай жарылды. Ал шаруаны шенеуніктер қабылдаған. Енді не болмақ?

Мақсат Баяхмет – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Біз қазір жолдарды жөндеу барысында жіберілген қателіктерді анықтап жатырмыз, кейін оларды түзету уақыты мен әдістерін жасап, мердігерге береміз. Егер компания біз қойған талаптарды қабылдамаса, сотқа жүгініп, оны қара тізімге енгізуді сұрайтын боламыз.

Былтырдан бері бізде жабынды сапасын тексеретін жылжымалы заманауи зертхана бар. Иә, оның тексерістері арзан емес, бірақ жемқорлыққа қарсы жергілікті қызмет басшылығының сөзінше, ақшаны үнемдей бермей, бұл лабораторияның мүмкіндіктерін пайдалану керек. Анализ барысында тағы бір ерекше факт анықталды. Басқармадағы көлік және жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы ауданаралық автобус маршруты иелерінің бірімен туысқан болып шыққан. Иә, шенеунік пен кәсіпкер туған бөлелер екен. Ең қызығы, манағы маршрут иесі әкімдіктен биыл 7,5 млн теңгенің субсидиясын алған. Бұл өзге тасымалдаушылардан әлдеқайда көп. Кездейсоқтық па?

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Яғни, өз бауырының басқармада жұмыс істейтінін, оның көмектесетінін біліп, азаматтың маршрут ашуы ғажап емес. Одан қалды манағы бөлім басшысы сол субсидияларды үлестіретін комиссияның хатшысы болған. Яғни, мемлекеттік көмекті бөлуге ол қатыса алмаған. Дегенмен, комиссияға мүшелік ететін өзге әріптестерімен сөйлесіп, туысына қолғабыс етуді сұрауы әбден мүмкін. Яғни, бұл жерде туысқанға қолдау танытудың орын алуы ықтимал. Бірақ, бұл тек болжам қана, нақты факті жоқ.

Дегенмен, тәуекелге баруға болмайды. Сондықтан, шенеунікті комиссиядағы хатшылық қызметтен алып тастау керек дейді жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы. Сондай-ақ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 4 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бірқатарында қызметті беруші мен алушының арасында тікелей байланыс қарастырылған. Яғни, кез келген уақытта шенеуніктің ауызбастырық сұрауы, ал кәсіпкердің оны беруі мүмкін. Мұндайды болдырмасқа қызметтердің бәрін электрондық форматқа көшіру керек.

Саят Ермек