Білім

Түлектер дипломдық жұмыстарын қашықтықтан қорғауда

Соңғы сынақ! М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түлектері дипломдық жұмыстарын қашықтықтан қорғауда. Қазір қыз-жігіттер “Zoom” бағдарламасы арқылы зерттеп, зерделеген мәліметтермен бөлісіп жатыр. Жалпы, биыл іргелі білім ордасын 1500-ден астам студент пен 200-ге жуық магистрант тәмамдайды.

Маусым айы жоғары оқу орнын тәмамдайтын жандардың есінде мәңгі қалады. Өйткені, олар қазір дипломдық жұмыстарын қашықтықтан қорғап жатыр. Араларында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Әлфараби Мыңбай да бар. Өлкемізде “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алған жас жігіт келесі аптада жазған еңбегін комиссия мүшелеріне баян етпек.

Әлфараби Мыңбай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Дипломды жазу барысында сұрақ туындаса мұғалімдермен байланысқа шығамын. Диплом тақырыбы – «Түркістан облысындағы Yuasa станциясы». Жалпы университте оқып жүріп талай жетістіктерге жеттім. Бірталай іс-шараларға қатыстым.

Жалпы, биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дан 1500-ден астам студент түлеп ұшады. Тағы, 200-ге жуық магистр бар. Бұл жандардың бір бөлігі онлайн режимде жазбаша емтиханнан өтсе, келесі тобы экзамен тапсырады және дилом қорғайды. Шпаргалка қолдануға немесе жауаптарды интернеттен көшіріп алуға тыйым салынған. Мамандар экранның аржағында отырған адамның әр қимылы қатаң бақылауда болады дейді.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Емтихан тапсыратын студент бөлмесінде жалғыз өзі отыруы керек.Қорытынды аттестациялау кезінде апелляциялық комиссия жұмыс істейтін болады. Студенттер қойылған бағаға келіспейтін болса, өтініш жазып, жұмысын тағы ұсына алады.

Осы орайда айта кетейік, емтихан жауаптарын және дипломдық жұмысты арнайы бағдарлама тексереді. Сол бойынша баға да қойылады. Енді, диплом табыстау мәселесіне келейік. Әлем жұртын әбігерге салған вирусқа байланысты салтанатты шара ұйымдастырылмайды, түлектер «Zoom» бағдарламасы арқылы құттықтау қабылдайды. Кейін, әр топтың өкілдері өздеріне бекітілген уақытта университетке келіп, асыға күткен қызыл, көк түсті дипломдарын алады.

Маржан Қасымбек