МТРА жаңалықтары

Ғ.Мүсірепов ауданында жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде

13 млрд теңге. Бұл – Ғ.Мүсірепов ауданының 2020-шы жылғы бюджеті. Қомақты қаражатқа әр саланы дамыту қарастырылған. Бастысы жоспарланған шаруа тек Новоишимское селосында ғана емес, шалғай жатқан елді мекендерде де атқарылуда. Әсіресе, өлкеде қазір мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және білім нысандарын жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

Новоишимское селосындағы өнер мектебі күллі облысқа белгілі. Хор, хореография, домбыра, фортепиано, қобыз, аккардеон, бейнелеу мен қолданбалы өнер. Балалардың қызығушылығын дамытатын үйірмелердің мұнда түр-түрі бар. Таңнан кешке дейін оқу ұясына 340-тан аса жеткіншек пен жасөспірім келеді екен. Өнерпаздардың шеберлігін шыңдау үшін барлық жағдай жасалған. Аздаған кедергіні тек нысанның ескілігі келтірген көрінеді.

Гүлмира Қонқашова – Өнер мектебінің директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Өнер мектебі 2009-шы жылы ашылды. Алдымен Нұр Отан партиясының екінші қабатында болды. Күннен-күнге оқушылардың саны артқандықтан, бізге 2016-да бұрынғы қазақ мектебінің ғимараты берілді. Іші кең болғанымен, нысан өте ескі еді. 50 жыл бойы жөндеу көрмеген. Былтыр шатырын ауыстырдық. Бірақ, бұл аздық етті. Сондықтан, қайта қалыпқа келтіруге қаражат бөлінді.

Қалыпқа келтіріп қана қоймай, заман талабына сай етіп жасау. Мақсат – ғимараттың келбетін көзге тартымды етіп өзгерту. Сондықтан, қасбеті қапталып, кіреберісі жөнделіп жатыр. Нысан ішіндегі қабырғалар да ауруханадағы стильден өзгереді. Яғни, көк бояу ақшыл түске ауыстырылады. Шаруа аяқталғаннан кейін дәліз бойына картиналар мен қолданбалы өнер туындылары ілінбек. Еденнің шіри бастаған бөліктері де қалыпқа келтірілуде. Жаңа есіктер мен терезелер орнатылады. Шәкірттер мен педагогтардың тілегін орындап, ғимаратты адам танымастай етуге 27 млн теңге бөлініпті. Бұл – аудандағы білім саласында атқарылып жатқан істің бір парасы ғана.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Былтыр 11 мектеп жөндесек, биыл 8 мектеп жөнделуде. Оның ішінде 7 орта және өнер мектебі бар. Аталған мақсатқа 650 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, денсаулық сақтау саласында 4 нысан істелініп жатыр. 131 млн теңге қаражат бөлінген. 08-08 Орталықта екі нысан, екі амбулаторий – елді мекендерде.

Биыл ешбір сала назарсыз қалмады. 230 млн теңге болашақ спортшыларды тәрбиелеуге бөлініпті. Яғни, оларға тиісті жағдай жасауға бағытталған. Орталық стадион биыл 44 млн-ға жөндеу көреді. Күрделі өзгеріс жүгіруге арналған жолақты күтіп тұр. Жеңіл атлеттердің арманы – тартан жабындысы төселеді. Ал, имек таяқ шеберлеріне арналып аудан орталығында жабық корт салынуда. Елді мекеннің атын шығарып жүрген үздік команданың да жаттығатын жеке нысаны болады. Раисовка селосының хоккейшілеріне мұз айдынын тұрғызуға аудандық және облыстық бюджеттен барлығы 100 млн теңге қарастырылыпты.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

–  14 елді мекенге спорттық және балалар алаңқайы салынады. Алыс-алыс елді мекендерде салынып жатыр. 113 млн теңге бөлінді.

Мәдениет саласында жөндеу 3 нысанда жүргізіледі. Мақсатқа 72 млн теңге жұмсалмақ.

Эльмира Садвокасова