Құрылыс

Береке ықшам ауданында заманауи емхана салынуда

Берекедегі тұрғындар үшін қуанышты жаңалық! Желтоқсан айында ықшам ауданда бір мезетте 250 адамды қабылдайтын емдеу мекемесі қолданысқа тапсырылады. Су жаңа әрі заман талабына сай келетін емхананы тұрғызуға 1 млрд 900 млн теңге бөлініпті. Қаражаттың 500 миллиона алдыңғы қатарлы қондырғыларды сатып алу көзделген.

–  Ықшам аудан күннен-күнге кеңейіп жатыр. Тұрғындардың саны көп. Ауырып қалған жағдайда, қаланың орталығына бару керек. Берекедегі учаске өте тар, бар жоғы 3-4 кабинет. Жаңа емхана салса, жақсы болады.

Қазір Берекеде 4 дәрігерлік учаске жұмыс істейді. Әрбіреуіне 1750 тұрғын бекітілген екен. Ақ халаттыларға артылған жүктеме ауыр. Әрі тиісті жағдай да қарастырылмаған. Жыл соңында барлығы өзгермек. Мамыр айында ықшам ауданда су жаңа емхананың құрылысы бастау алды. Қазір учаскедегі жұмыс қызу жүріп жатыр.

Нариман Исмаилов – “ТОИР” ЖШС директоры: 

–  Емдеу мекемесі үш блоктан тұрады. Біріншісі – емхана, екіншісі – әкімшілік, үшіншісі – күндізгі стационар. Жалпы нысан екіқабатты болады. Құрылыста барынша қазақстандық материалдарды қолдануға тырысып жатырмыз.

Емхана жұмыспен қамту жол картасы аясында тұрғызылуда. Нысанның аумағы 7750 шаршы метр болады деп жоспарланған. Бір мезетте медициналық ғимарат 250 адамды қабылдай алады. Мұнда үлкендерге де, балаларға да барынша жағдай жасалмақ. Жоба құны 1 млрд 900 млн теңгені құрайды. Аталған қыруар қаражаттың жарты млрд-қа жуығы емдеу орнын заманауи қондырғылармен жабдықтауға қарастырылған. Халық игілігіне денсаулық сақтау мекемесі желтоқсанда тапсырылмақ.

Эльмира Садвокасова