МТРА жаңалықтары

Ауылдардағы ағайын таза ауыз сумен қамтылмақ

Ағайынның арманы орындалмақ! Қазір Қызылжар ауданына қарасты 10 елді мекенде су құбырлары жөнделіп жатыр. Ауқымды іске облыстық қазынадан 51 миллион теңге бағытталыпты. Шаруа аяқталғасын 500-ге жуық баспана орталықтандырылған желіге қосыла алады. Тізімде Петерфельд селосында тұратын жерлестеріміз де бар.

Таза ауыз судың тапшылығы. Бұл мәселе Петерфельд селосының тұрғындарын бір емес, ондаған жыл толғандырып келді. Ағайынның қуанышына орай, былтыр түйткіл өз шешімін тапты. Облыс бюджетінен қыруар қаражат бөлініп, елді мекендегі су желілері жөнделді. Мұның нәтижесінде тіршілік көзі үйге дейін жетті.

Село тұрғыны Фархат Имамудинов су құбырын үйге тартуды бақандай 22 жыл күтіпті. Биыл арманым орындалды дейді. Ал, бұған дейін таза тіршілік көзін әкелу үшін зейнеткер 2,5 шақырым жолды еңсерген екен. Және 1 флягқа 20 теңге ақы төлепті. Ал қазір 1 текше метр су 89 теңге тұрады. Бұл – әлдеқайда тиімді.

Фархат Имамудинов – Петерфельд селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Былтыр қараша айында суды үйге тартып алдық. 20 жылдан артық тіршілік көзі болмады. Қазір үйдің ішінде барлығы бар.

Ауылдықтарға таза су санация әдісі бойынша жүргізілген істен кейін, яғни құбырларды жөндеген соң жетті. Оған облыс бюджетінен 7,5 млн теңге бағытталыпты. Бірақ, әзірге 70 отбасы орталықтандырылған желіге қосылған екен. Биыл бұл көрсеткіш 50-ге артпақ.

Қайсар Әмірин – Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Биыл осы елді мекенде санация тәсілімен құбарларды жөндеуге тағы да 7,5 млн бөлінді. Бұл қаражатқа 1 шақырым 200 метр су құбыры жөнделеді. Жалпы, биыл Қызылжар ауданына су құбырларын жөндеу үшін облыс бюджетінен 51 млн теңге бағытталған.

Айта кетейік, үстіміздегі жылы Қызылжар ауданында 10 елді мекенде санация әдісі бойынша су құбырлары ағымдағы жөндеу көреді.

Дана Сәлімқызы