Қоғам

Айналаға қоқыс тастамайық

Айналаға қоқыс тастамайық! Осындай ұранмен жергілікті жастар Петропавл маңында тазалық акциясын өткізіп жатыр. Олар бастама барысында айналаға шашылған қоқыстарды жинап қана қоймай, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Бүгін мұндай шара Новопавловка селосының аумағында ұйымдастырылды.

Бұл – Новопавловка селосы маңындағы көрініс. Аумақта қоқыс шашылып жатыр. Осыдан адамдардың, жолаушылардың қалдықтарды арнайы контейнерге емес, жолдың жиегіне тастап кететіндігін ұғынуға болады. Бір қызығы маусымның басында мұнда “Жасыл ел” жасағының жастары келіпті. Олар айналаны тазалаған екен.

Тазаланған аумаққа қоқыс тастауға болмайды! Міне, осыны жасылелдіктер тұрғындарға айтып, тиісті ережелерді түсіндіріп жүр. Өйткені, қалдықтар қоршаған ортаға да, адамдардың денсаулықтарына да зиян келтіреді. Әрі табиғаттың көркін бұзады.

Жансейіт Тастемір – “Жасыл ел” жасағының белсендісі:

– Бұл уақытқа дейін Пестрое көлі мен Есіл өзенінің жағалауын және аулаларды тазаладық. Біреулер әдейі тастап кетеді, біреулері контейнердің жоқтығынан тастайды. Сондай себеп көп.

Игі шараға 20-ға жуық белсенді жас қатысты. Бұл бастаманы қыз-жігіттер алдағы уақытта да жалғастырмақ. Олар қаламыздың басқа да аудандарын аралап, тұрғындармен жүздесуді жоспарлап отыр. Акция тамыз айынның соңында аяқталады.

Наталья Ибадулла