Білім

Смирново селосында 2 бірдей мектеп жөнделіп жатыр

Смирново селосында 2 бірдей мектеп жөнделіп жатыр. Қос нысанға облыс бюджетінен 100 млн теңгеге жуық қаражат бағытталған. Аққайың ауданында биыл 370 млн теңгеге  барлығы 7 мектеп пен 1 балабақша жаңаланбақ.

Смирново селосындағы №1 мектеп ұжымы кезекті оқу жылына әзірлікті қазірден бастаған. Мұнда жөндеу жұмыстары мамырдан бастау алыпты. Жарты ғасырлық тарихы бар білім ұясы соңғы рет 4 жыл бұрын аздап жаңаланған екен. Бірсыпыра терезе мен шатыры түгел ауыстырылыпты. Биыл нысанның сыртына емес, ішіне баса мән берілген.

Жаслан Сүйіндік – Смирнов №1 орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

– Мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыс бюджетінен 60 млн теңге бөлінді. Нысанның акт және спорт залдарын, асханасын қалыпқа келтіру көзделіп отыр. Қасбетін де аздап өңдейміз. Сондай-ақ, футбол алаңы қоршалып, жасанды жасыл жабынды төселеді.

Білім ұясын жөндеу көкшетаулық “Оңтүстік құрылыс компаниясы” серіктестігіне сеніп тапсырылған. Кәсіпорын өкілдерінің сөзінше шаруа жоспарға сай атқарылуда.

Ерік Шаймуханов – «Оңтүстік құрылыс компаниясы» ЖШС өкілі:

– Жөндеу жұмыстары тамыздың 1-не дейін аяқталуы қажет. Іс жоспарға сай жүріп жатқандықтан нысанды уақытылы тапсырамыз деген ойдамын. Құрылыс метериалдары жеткілікті. Шаруаға 19 адам тартылған. Оның 9-ы жұмыспен қамту орталығынан жіберілді.

Жөндеу жұмыстары Смирново селосында қатарынан 2 мектепте жүріп жатыр. Екіншісі – мектеп-гимназия. Нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, жанындағы бір қабатты ғимарат та қалыпқа келтіріліп, пайдаға жаратылмақ. Бұған 37 млн теңге бағытталып отыр.

Айнагүл Малмасова – Смирново мектеп-гимназиясының директоры, Аққайың ауданы:

– Бұл ғимаратта мектепке дейінгі балаларға арналған сыныптар, кітапхана және шеберхана сыныптары болады. Нысан 74-ші жылдан бері күрделі жөндеу көрмеді.

Кенжеболат Махметов – «Максимум Север» ЖШС өкілі:

– Шаруаға мамырдың 15-і кірісіп кеттік. Демонтаждау жұмыстары аяқталды. 3:15 Бірінші кезекте – электр сымдарын ауыстыру және терезе. 2:44 Шатыр мен фасадтың материалдарына Теміртау зауытына тапсырыс бердік.

Айта кетейік, биыл Аққайың ауданында барлығы 7 мектеп, 1 балабақша жөндеу көрмек. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен жиынтық көлемі 370 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Дана Сәлімқызы