ҚоғамCOVID-19: Қазақстан

Сауда орындарында санитарлық ережелер сақталмайды

Петропавлдағы кейбір сауда орындарында санитарлық ережелер сақталмайды. Бұл жайында бүгін арнайы мониторингілік топ өкілдері өткізген рейд барысында белгілі болды.

Алдымен мамандар “Океан” базарына ат басын бұрды. Кейін, “Ассорти”, “Страна Товаров” сынды сауда үйлері мен осы маңайдағы павильондарды аралады. Нәтижесінде мұндағы қызметкерлер мен іскер жандардың барлығы бірдей бетпердені дұрыс тақпайтындығы анықталды. Және күзетшілер келушілерге бақылау жүргізбейтіндігі мәлім болды. Оның үстіне клиенттердің дене қызуы өлшенбейді, кезекте тұрғандар ара-қашықтықты қадағаламайды. Ал базар әкімшілігі жұмысшыларға карантиндік шаралардың қатаң сақталуын үнемі ескертіп отырамыз дейді.

Гүлнәр Жақсылықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

–  Барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен жұмыс істеулері тиіс. Яғни, қолдарына қолғап киіп, антисептикті пайдаланып және бетперде тағып қызмет көрсетулері қажет. Клиенттерден бөлек, сатушылар мен сонда жұмыс жасайтын адамдардың да дене қызуы өлшену керек. Нысандардың еденінде ара қашықтықты көрсететін белгі болу маңызды. Келушілер де жалпыға ортақ ережені ескерулері міндетті.

Рабиға Ералы