Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да карантин қағидалары қайта қатаңдатылды

Эпидахуалдың ушығуы  карантин талаптарының қатаңдауына әкеліп соқтырды. Демалыс күндері өлкенің бас санитарлық дәрігері облыс бойынша бірқатар шектеулердің қайта күшіне енетінін жариялады. Дүйсенбіден бастап сауда және қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы шектелді, ал кішкентай солтүстікқазақстандықтарға жазғы лагерьлерде тынығуды кейінге қалдыруға тура келеді.

Саят Ермек – тілші:

– Осыдан шамамен бір ай бұрын карантиннің жұмсартылғаны жайлы қуанышпен хабарлаған едік, ал қазіргі ахуал жүзде күлкі тудырмайды әсте. Коронавирус қайта бас көтерді. Індет енді сырттан ғана келіп жатқан жоқ, ішкі жұқтыру белең алуда. Сондықтан, бүгіннен бастап бірқатар шектеулер қайта оралды. Сенбіде облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Негізгі қағидалар мынадай.

Дүйсенбіден бастап Петропавлда кинотеатрлар мен фуд-корттар ашылуы тиіс еді. Енді ашылмайтын болды. Түнгі клубтар, компьютерлік клубтар, караоке-бар, бильярд пен боулинг орталықтарының да есігі қайта жабылды. Балалар болса батуттарда секіре алмайды, ал саламатты өмір салтын ұстанатындар үшін фитнес-залдар жұмыс істемейді. Жұмыс кестесіне жуырда еркіндік берілген дәмхана-мейрамханаларға қатысты шектеулер де қайта оралды.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Қоғамдық тамақтану орындары таңғы 10-нан кешкі 10-ға дейін ғана жұмыс істейтін болады. Олар бір уақытта 50 келушіден артық қабылдамаулары тиіс, ал клиенттерін араға бір үстел салып отырғызулары керек. Банкеттер, тойлар, корпоративтер мен отбасылық және еске алу шараларын өткізуге қатаң тыйым салынған.

Дүкендер, супермаркеттер мен базарлар, сауда және ойын-сауық орталықтарының бәрі кешкі 8-де жабылады. Қалаішілік қоғамдық көлік таңғы 6 жарымнан кешкі 9 жарымға дейін қатынайтын болды. Автобустарда тек отырып қана жүруге болады, әр жолаушы маскада болуы тиіс. Бұл – қатаң бақылауда, өйткені ережелерді елеп жатқан тасымалдаушылар да, тұрғындар да некен-саяқ. Одан қалды, өткен аптада Петропавл балабақшаларының бірі вирус ошағына айналған еді. Сондықтан, ата-ана баласын қайда қалдырарын білмеген жағдайда ғана оны бөбекжайға әкеле алады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күннен бастап СҚО-дағы барлық балабақшаларда кезекші топтар жұмыс жасай бастайды. Әрбір топта 15 баладан артық болмауы тиіс. Сонымен бірге барлық санитарлық талаптар сақталып, дезинфекциялық жұмыстар күшейтіледі. Жазғы сауықтыру лагерлерінің ашылу мерзімі эпидемиялогиялық жағдай жақсарғанша дейін кейінге шегерілді. Сатып алынған жолдамалардың мерзімі де ауысады. Бұл жағдай бойынша ата-аналарға алдын ала хабарланады.

Ал мемлекеттік органдарда халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген шенеуніктердің 80 пайызы үйлеріне жіберілді. Олар қашықтықтан жұмыс істейді, өйткені үлкен ұжымдарда вирустың таралу қаупі аса жоғары. Ал 3 күн ішінде 4 науқас табылған Тайынша қаласына блокпосттар қайта оралды.

Саят Ермек – тілші:

– Ал күні кеше дертті жұқтырған жерлесіміз Шал ақын ауданына қарасты Жаңажол ауылынан табылды. Бүгінде бүтін бір елді мекен карантинде. Тұрғындарға себепсіз үйден шығуға болмайды. Эпидемиологтар жанұялық ошақтардың да көбейіп жатқанын да айтып отыр. Сөздерінше, солтүстікқазақстандықтар ерте еркінсіп кетті. Сондықтан, қоғамдық орындарда маска тағынып, қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажет. Егер бұл талаптар орындалмай, індеттің таралуы тоқтамаса карантин қағидаларының одан бетер қатаңдатылуы ғажап емес.

Саят Ермек