Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданына биыл 57 отбасы қоныс аударады

Ғ.Мүсірепов ауданына қоныс аударушылардың арасында дәрігерлер, электриктер мен мұғалімдер басым екен. Осындай мамандардың толқынымен ауданда кадр мәселесі шешімін табарына атқарушы билік өкілдері сенімді. Аталған өлкеге биыл  халық тығыз орналасқан аймақтардан 57 отбасы қоныс аудармақ. Оларға арналып  іші кең, жарық әрі жылы су жаңа баспаналар тұрғызылуда. Аталған мақсатқа 373 млн теңге бөлінген. Көшіп келген жанұяларға жасалып жатқан жағдаймен біздің түсірілім тобы танысып қайтты.

Кеншінбаевтар жанұясы қонақжай солтүстікке қоныс аудару мүмкіндігі жайлы жаңалықтардан естіпті. Отбасы мүшелері біраз уақыт ақылдасып, ойланғаннан кейін, тәуекелге бел буған. Осылайша 2019-дың шілдесінде Жамбыл облысының Меркі ауданынан аққайыңдар өлкесіндегі Новоишимское селосына көшіп келеді. Бұндай батыл қадам жасағанымызға еш өкінбейміз дейді отағасы Оралбек Кеншінбаев. Азамат бірден жергілікті серіктестікке жұмысқа тұрыпты. Үлкен қызы 9 жасар Алтыным қазақ мектебінде білім алуда. Ал Нұрбек пен Нұрәлі атты ұлдары үйде – анасының қасында.

Оралбек Кеншінбаев – Новоишимское селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Келгенде үйді жалдап тұрдық. 3-4 айдай тұрдық. 88 мың теңгеден субсидия берді адам басына. Кейін үйді жалдап тұруға да ақша бөлінді.

Ал қараша айында отбасы қоныс тойын тойлапты. 3 бөлмелі баспана кең, жарық әрі жылы. Нысанға су тартылған, ішінде дәретханасы да бар. Былтыр Ғ.Мүсірепов ауданында мұндай 39 баспана тұрғызылған. Жалпы, өлкеге 59 жанұя көшіп келіпті. Қоныс аударған мамандардың есебінен кадр тапшылығы мәселесі де біршама шешілген. 2019 жылы, әсіресе, дәрігерлер, электрик пен мұғалімдер келген екен.

Нұрлан Темірғалиев, Ғ.Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Биыл ауданымызға 57 отбасы көшіп келуге ниет білдірді. Бүгінге дейін 7 жанұяны қарсы алдық. Келген бетте олардың үйлері дайын болмаса, жалдап тұруға ақша бөлінеді. Қазір қоныс аударушыларға арнап 53 баспана тұрғызып жатырмыз. Алғашқы жиырмасын шілде айында әкімдік сатып алады. Нысанның құны – 7 млн теңге. Аумағы – 88 шаршы метр.

Мердігерлер құрылыс барысында әрбір ұсақ-түйекті ескеруде. Нысанды тұрғызғаннан кейін олар ауланы аббаттандырып, қоршауға кіріседі. Әрбір отбасыға 10 сотық жер де бөлінген. Топырақ құнарлы. Кез келген жеміс-жидек пен көкөністі өсіруге мүмкіндік бар. Қысқасы, қоныс аударып, жұмыс істеймін деген азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Алғашқы 5 жыл жанұяларға баспана жалға беріледі. Пәтерақы қалта қақпайды – ай сайын 6 мың теңгенің маңайында. Кейін үйді өздеріне рәсімдеп алу мүмкіндіктері де бар. Одан бөлек, көшіп келген жанұяларға көтермеақы беріледі. Биыл жәрдемақының сомасы 95 мың теңге шамасында. Қаражат отбасының әр мүшесіне беріледі.

Эльмира Садвокасова