COVID-19: Қазақстан

Коронавирусты жұқтырғандардың саны өсуде

Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. Маусым айының өзінде ғана 178 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. Олардың ішінде 10 бала, тағы 13 бірдей балабақша тәрбиеленушісі бар. Науқастардан індетті жұқтырып алған медицина қызметкерлерінің де саны азаймай тұр. Егер тұрғындар санитарлық нормаларға жауапкершілікпен қарамаса, сәуірдегі карантин тағы қайталануы мүмкін.

Өңірде індет күнде 14-15 адамнан табылуда. Олардың денінде жөтел, дене қызуының көтерілуі кездеседі. Қазір бірінші қалалық ауруханының инфекциялық бөлімшесінде 48 науқас ем алып жатыр. Барлығында ковид-19-дың клиникалық белгілері бар. Біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қысқасы – жағдай мәз емес.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 1 науқастың жағдайы – аса ауыр. Азамат онкологияға шалдыққан. Одан бөлек артериалды гипертензия мен қант диабеті де бар. Сондықтан, емдеу қиынға түсуде. Тағы 7 адамның жағдайын орташа ауыр деп бағалаймыз. Компьютерлік томография көрсеткендей, бесеуінде – өкпенің екі жақты қабынуы бар.

Инфекциялық бөлімшеде бүгінде 10 бала ем алып жатыр. Біреуінің жағдайы – орташа ауыр, ал өзгелерінікі – қанағаттанарлық деп бағалануда. Бірінші қалалық ауруханада жатқан науқастардан бөлек, коронавирус инфекциясына шалдыққан жерлестеріміз де бар. Бірақ, олардағы ауру – өзгешелеу. Клиникалық белгілері жоқ, яғни қауіпсіз. Мұндай жандар үйлерінде оқшауланған. Жағдайларын дәрігерлер бақылап, карантин талабының орындалуын тәртіп сақшылары қадағалауда. Жалпы өңір бойынша ковид-19 237 адамда тіркелсе, бүгінде 49-ы құлан таза айыққан.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

–  Маусым айында өңірде коронавирустық инфекцияның 178 жағдайы тіркелді. 50 пайыздан астамы – Петропавл қаласында. Облыс бойынша клиникалық белгілері бар індетке шалдыққандардың өсімі соңғы бір аптада – 66,6 пайызды құрады. Ковид-19-ды жұқтырғандардың ішінде 8 – мектеп оқушысы, 10 – бала, 13 балабақша тәрбиеленушісі бар. Тағы мектепке дейінгі білім беру ұйымында еңбектенетін 4 адамнан індет табылды.

Тәжді вирус табылған ошақтардың 199-ы – тұрғын үй. Тағы екеуі – балабақшалар. Бірінен бірден 15 науқас, екіншісінен 2 адам тіркелді. Қазір мектепке дейінгі бұл білім беру мекемелері карантинге жабылған. Түсінген боларсыздар, коронавирус бұрынғыдай сырттан келгендерден емес, енді өз арамыздан табылып жатыр. Оны жұқтырудың қаупі күннен-күнге көбеюде. Дүкенде, балабақшада, жұмыста, балалар алаңқайында. Сондықтан, қорғану қажет. Маска киіп, қолды антисептикпен өңдеп, арақашықтықты сақтау керек.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Дүкен алдында бір топ бала тұрады. Барлығына – бір маска. Олар әбден ескірген, кір бетпердені кезекпен тек сауда орнына кіру үшін ғана киеді. Кейбір отбасыларда да осындай жағдай. Тағы масканы иектеріне түсіріп қоятындар немесе мұрнын ашық қалдыратындар бар. Бұл – дұрыс емес.

Той-домалақ дегенді де ұмытқан абзал. Қазір құдалық жасап, қонақ қарсы алатын уақыт емес. Ережелер еленбесе, өсім деңгейі арта беретін болса, өңірдің бас санитарлық дәрігері Петропавлды тағы да толық карантинге жабуға мәжбүр болады.

Эльмира Садвокасова