МТРА жаңалықтары

Карантин талаптары бұзылса, қалада қоғамдық көлік қатынауы тоқтатылады

Қоғамдық көліктерде де карантин ережелерін сақтау қиынға соғуда. Кейде топырлап мінетін жұртшылық жүргізушінің “шығыңыздар” деген талабын елемейтін көрінеді. Автобустардың аздығынан жолаушыларды тек отырғызып тасымалдау мүмкін болмай отыр. Бұл маршруттар бойынша жүргізілген рейд барысында белгілі болды. Санитарлар мен шенділер ереже бұзғандарға әзір ескерту ғана жасап жатыр, ал бұлай жалғаса беретін болса, қоғамдық көліктің қайта тоқтауы ғажап емес.

Тұрып қатынауға рұқсат жоқ, маскасыз кіруге болмайды. Бұл – карантин уақытында қалаішілік автобустарға қойылған басты талаптар. Біз сұхбаттасқан жүргізушілер артық жолаушыларды алмаймыз, ережелерді елеп жатырмыз деп сендірді.

Иә, денсаулық маңыздырақ. Тек бәрі бірдей мұндай жауапкершілік танытып жатқан жоқ – жүргізушілердің де, жолаушылардың да. Мәселен, мына автобуста адамдар құтыдағы майшабақтай сығылысқан. Таңертең жұмысқа, кешке үйге асыққан жұрттың жартылай бос “маршрутканы” әсте күткілері келмейді.

– Жұмысқа кешігуге болмайды ғой. Өзім 14-ші маршрутпен жүремін. Ол ылғи лық толы болады. Бірақ, сығылысып кіруге тура келеді.

Жүздеген адамды қоғамдық көлік күнделікті тасымалдайды. Бетперде тағу – проблема емес, бұл тұрғыда азаматтар жауапты. Мәселе мынада – Петропавл көшелеріне шығатын автобустардың саны жолаушылар ағынынан біршама аз, әрі олар шағын ғана. Сондықтан, асыққан бұқараға талаптарды бұзудан басқа амал жоқ.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Автобус аялдамаға келіп тоқтағанда жұрт топырлап кіре бастайды. Жүргізуші артық жолаушылардан шығуды өтінгенде жанжал басталады. Өйткені, адамдарға діттеген жерге жету керек. Сондықтан, қағидаларды ұстану оңай емес. Қазір қалалық паркте 40-тан астам автобус жай тұр. Олар жолға шықса, жүктеме азаяр еді. Бірақ, жүргізушілер жетіспейді. Көбі пайданың аздығынан жұмыс істеуден бас тартып отыр.

Яғни, желіге көліктерді көбірек шығару әзір мүмкін болмай тұр. Бірақ, жергілікті атқарушы билік ереженің аты ереже дейді. Сондықтан, петропавлдықтарға не жаяу жүру керек, не бос креслолары бар “маршруткаларды” күту керек. Шенеуніктер аялдамаларға тоқтаған әр автобусқа кіріп, жұртты шыдамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырды.

Иә, “подставить” деген етістік мұнда орынды. Өйткені, қазір қоғамдық көлік қатаң бақылауға алынған. Егер тексеруші санитарлар тік тұрған не маскасыз жолаушыларды көрсе, жүргізуші мен тасымалдаушы жауапкершілікке тартылады.

Дастан Қазиев – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісі:

Егер автобус адамдарға лық толы болса, ең алдымен автобустың жүргізушісі мен маршруттың иесіне әкімшілік хаттама толтырылады. Бүгінгі шыққан рейдтің мақсаты – ескерту жасау, егер мұндай жағдай қайталанатын болса, әкімшілік хаттама толтыратын боламыз.

Хаттаманың арты – айыппұл. Ал бұзушылықтар тіпті тыйылмаған жағдайда қоғамдық көліктің қала бойынша тұтас тоқтатылуы мүмкін. Өйткені, елді жайлаған індеттің қанат жаю қаупі тым жоғары.

Саят Ермек