ТЖ

Айыртау ауданында 1 адам суға батып кетті

Айыртау ауданында 94-ші жылы туылған азамат көз жұмды. Ол маусымның 12-сі күні достарымен бірге Төменгі Бұрлық селосының іргесіндегі жасанды су айдынына түсуге барған екен. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша жерлесіміз рұқсат етілмеген жерде шомылған.

Жаз басталғалы бері өңірдегі өзен-көлдерге 4 адам батып кетті. Олардың барлығы қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Бірі рұқсат етілмеген жерде шомылған, екіншісі ішімдік ішіп, табиғат аясында сауық құрған. Соңғы қайғылы жайт өткен аптада Айыртау ауданында тіркелді. Мұнда тепсе темір үзетін жігіт өмірмен қоштасты.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 94-ші жылы туылған азамат Төменгі Бұрлық ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан котлованға батып кетті. Қайғылы оқиға маусымның 12-сі күні кешкі сағат 6-лар шамасында орын алды. Азамат рұқсат етілмеген жерде шомылған. Суға түсуге ол 2 досымен бірге барыпты.

Құтқарушылар осы қос азаматпен тілдесіпті. Сонда екеуі де досымыз алкогольді ішімдік ішпеді деп жауап берген және көз жұмған жігіттің жүзу білмегенін мәлімдеген. Міне, осы себепті жерлесіміз суға кетуі мүмкін. Мамандар мәйітті тек келесі күні таңертен тапты. Олар тұрғынның денесін 12 метр тереңдіктен алып шыққан екен. Қазір аталған факті бойынша зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Брифинг барысында Петропавл қаласының маңында орын алған оқыс оқиға туралы да жарияланды. Мұнда 18 жасар қыз құтқарушыларды әбігерге салған.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Есіл өзенінен 2002-ші жылы туылған қыз құтқарылды. Бойжеткенді шомылу кезінде қатты ағыс алып кеткен. Салдарынан ол өз күшімен жағаға шыға алмаған. Мұны аумақты патрульдеп жүрген төтенше жағдай қызметінің мамандары көріп, жерлесімізге көмектесті. Демалушы дін аман.

Сөз соңында айта кетейік, мамандар жерлестерімізге барынша абай болуды ескертеді. Және тек рұқсат етілген жерлерде ғана шомылуға кеңес береді.

Бердімұрат Баймұқан