Қоғам

“28 ілмек” еріктілер клубының игілікті ісі

Халықаралық тоқу күніне орай “28 ілмек” еріктілер клубының мүшелерімен тілдесіп қайттық. Аталған ұйым Петропавлда 6 жыл бұрын құрылған. Он саусағынан бал тамған өрнекшілер мерзімінен бұрын туылған балаларға арнап күртеше, шұлық, жамылғы және ойыншық тоқиды. Жаны жайсаң жерлестеріміз әзірлеген дүниелер  өмір есігін енді ашқан сәбилердің тез жетілуіне септеседі екен.

Еріктілер клубы неге “28 ілмек” деп аталады? Оның өзіндік себебі бар. Бұл ұйым мүшелері мынандай шұлықтар тоқиды. Оны іске асыру үшін алдымен 28 ілмек жасау қажет екен. Міне, осы себепті ұйым ерекше атауға ие болған. Әзірленген дүниелер мерзімінен бұрын немесе аз салмақпен туылған сәбилерге кигізіледі. Жиынтықта шұлықтан бөлек, күртеше, жамылғы және ойыншық бар. Оның барлығы жүннен жасалады. Жүн нәрестені жылытады әрі теріні сергітеді. Таныс алу жүйесін жақсартады. Мұның нәтижесінде шақалақтың ағзасы тез жетіледі.

Нәзікжандылар тоқитын ойыншықтың да маңызы зор. Оны дәрігерлер жансақтау бөлімшесінде жатқан балаға береді екен. Сонда шала туылған нәресте өзіне қосылған аппараттардың сымдарын тағы да басқа дүниелерді қозғамай, тыныш жататын көрінеді. Әсемгүл Қақпенова – дәл осы “28 ілмек” клубының Петропавлдағы үйлестірушісі. Жерлесімізге бір кездері ұйым өкілдері көмек қолын созған жандар хабарласып тұрады. Кейбіреулері қатарға да қосылады.

Әсемгүл Қақпенова – “28 ілмек” клубының қаладағы үйлестірушісі:

– 2018 жылы бір азаматша егіздерін мерзімінен бұрын дүниеге әкелді. Оларға тоқыған дүниелерімізді бердік. Жақында біз көмектескен азаматша пікір қалдырып, тағы да алғыс білдірді. Және тоқи алатындығын, клубқа мүшелік еткісі келетіндігін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта клубқа 20-ға жуық ерікті мүшелік етеді. Олардың жастары, мамандары әр түрлі. Бірақ, қалаулары бір – әр затты ерекше махаббатпен, жылулықпен тоқып, өмір есігін ашқан балаларға көмектесу. Мұны бізге Анна Плотникова есімді жерлесіміз айтып берді. Ол ұйым жайлы әлеуметтік желіден біліпті.

Анна Плотникова – “28 ілмек” клубының мүшесі:

– Маған тоқыған ұнайды. Және қиын сәтте қалған жандарға, оның ішінде аналарға көмектескен ұнайды. Себебі, бала мерзімінен бұрын туылса, аналары қатты қиналады, уайымдайды. Міне, осындай сәтте қолдау көрсету қажет. Сонда нәзікжандылардың бойында үлкен үміт пен зор сенім пайда болады.

13-ші маусым күні еріктілер клубы облыстық перинаталдық орталыққа 15-ші мәрте көмек қалтасын жіберді. Жиынтық 9 данадан тұрады. Жалпы, соңғы 2 жылда жаны жайсаң жандар 205 күртеше, 143 жамылғы және 166 ойыншық сыйлапты.

Байболат Бектемірұлы