Спорт

Шілденің 1-і “Qyzyljar” ФК алаңға шығады

Шамамен 2 аптадан соң отандық футбол маусымы қайта оралады. Шілденің 1-і Қазақстан чемпионаты 4 айлық үзілістен кейін қайта жанданбақ. Былтыр бірінші лигада топ жарып, биыл премьерлік құрамда өнер көрсетіп жатқан петропавлдық “Qyzyljar”  қазір алғашқы кездесуіне дайындалуда.

Саят Ермек – тілші:

– Келесі айдан бастап ел чемпионатының жалғасын табатыны футболсүйер қауымды қуантпай қоймады. Алайда, матчтардың барлығы көрерменсіз өтеді. Өйткені, стадиондарға қатары қалың жанкүйерлерді кіргізуге рұқсат жоқ. Әлі ерте. Дәл сол шілденің бірі күні “Qyzyljar” ФК премьер-лига аясындағы алғашқы матчтын өткізбек, өз алаңында. Бұл жолғы қарсылас – көкшетаулық “Оқжетпес”.

Бұл – 4 айлық үзілістен кейінгі алғашқы матч. Екі апта уақыт қалды. Команда қазір қызу дайындық үстінде. Мәжбүрлі оқшауланудан денені шынықтырып, тактиканы шыңдап, ойын стилін жөндеп жатыр. Қызылжарлықтардың әрбір қимыл-қозғалысы зергердікіндей нақты.

Жаттығуларын “Qyzyljar” шамамен бір ай бұрын бастаған. Жыл басында клубтың бас бапкері ауысты. Тізгінге молдован ұлтының өкілі Вячеслав Руснак келді. Оның сөзінше, карантин ойыншылардың формасына айтарлықтай әсер ете қоймаған. Футболшылар үйде бапкер әзірлеген жеке бағдарлама бойынша жаттықса керек.

Вячеслав Руснак – “Qyzyljar” ФК бас бапкері:

– Әжептәуір үзілістен кейін командалық жаттығуларға қайта оралмас бұрын әр ойыншының формасын тексердік. Нәтиже көңілімнен шықты, яғни жігіттердің карантинде жай жатпағандары көрініп тұр. Жағдайдың бұдан да мүшкіл болуы мүмкін еді.

Дегенмен, жігіттер алаңдағы өзара түсіністік пен байланысты сәл жоғалтып алған дейді Руснак. Бұған құрамдағы өзгерістер де әсер етпей қоймады. 28 ойыншының 9-ы – жаңа. Басым бөлігі – легионерлер. Құрамадан кеткендердің арасында мықтылар, әйтеуір, жоқ. Негізгі аяқдопшылар келісім шартын ұзартқан. Ал өткен маусымда павлодарлық Ертіске ауысқан бомбардир Тимур Мульдинов биыл сапқа қайта оралды.

Тимур Мульдинов – “Qyzyljar” ФК шабуылшысы:

– Жаттығу жиындарының бірін өткізіп алған едім. Карантин кезінде оңтайлы физикалық формамды қайтара алдым. Чемпионатқа әзір екенімді сеземін. Биылғы құрам мықты, бапкер де көңілден шықты. Сондықтан, әдемі футбол көрсетеміз деп ойлаймын.

Әдемі футболды құраманың енді әдемі алаңда ойнарлық мүмкіндігі бар. Өткен жылы тексеріспен келген отандық футбол федерациясының өкілдері “Қарасай”-дағы жабындыны премьер-лига матчтарын өткізуге жарамыз деп тапқан еді. 20 млн теңге бөлініп, алаң жаңартылды. Асты тегістеліп, жасанды газонға жаңа резеңке үгінділері себілді. Енді “Қарасай” ҚФФ мен ФИФА-ның стандарттарына сай.

Фёдор Семиниди – “Qyzyljar” ФК техникалық директоры:

– Біз өз алаңымызда ел чемпионатының кездесулерін өткізуге мүмкіндік беретін сертификат алдық. Ойыншылар риза, өйткені бұрын доп секіріп кете беретін, ал қазір жерге әдемі қонады. Әзірге, жабынды тым жұмсақ, бірақ уақыт өте келе сығылып, ойнау жеңілдей түседі.

Биылғы маусымнан “Qyzyljar”-дың дәмесі зор. Руснактың сөзінше, мақсат – премьер-лигада қалу ғана емес, турнирлік кесте бойынша мүмкіндігінше жоғары өрмелеу. Шілденің біріне белгіленген алғашқы матч команданың қазіргі нақты ахуалын көрсетеді. Тек кездесу барысында трибуналардың бос болатыны сәл қынжылтады дейді ойыншылар.

 

 

Саят Ермек