Қоғам

Отбасы мәселелері бойынша жедел әрекет ету тобы құрылуда

Өңірде қиын өмірлік жағдайға тап болған жанұяларға қолдау көрсету мақсатында арнайы жедел әрекет ету топтары жұмысын бастамақ. Облыс бойынша олардың саны 200-дей болады. Құрамына бас партия өкілдері, полицейлер, мектеп психологы, дәрігер мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері кіреді.

Отбасылық зорлық-зомбылық, жұмыссыздық және балалармен тіл табыса алмау. Бұл – жанұяларда жиі кездесетін жағдайлар. Мәселенің арты қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, проблеманың бірден алдын алу қажет. Отбасыдағы ахуалдармен әдетте мектеп психологы оқушы арқылы, дәрігерлер үйге келіп қызмет көрсеткенде танысып жатады. Тағы мұндай жағдайлардан учаскелік полиция да хабардар болуы мүмкін. Әрбір маман өзінің жұмысын атқарады да, бірақ проблеманы бірлесіп шешпейді. Облыс бойынша жедел әрекет ету топтарының құрылып жатқандығы да сондықтан.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Бұл топтардың арқасында қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету көзделіп отыр. Осы топтарға біз қандай міндет қойып отырмыз? Ең алдымен – учаскелерге бөліп тастау. Облыс орталығында 13 учаске бойынша жұмыс істейді.

Мақсат – отбасындағы проблемаларды анықтау және оны шешуге көмектесу. Облыс бойынша мұндай міндет 200 топқа жүктеліп отыр. Мамандар әрбір аудан орталығында және селолық округте жұмыс істемек. Жедел әрекет ету топтары бүгінде жасақталып жатыр. Толық құрылғаннан кейін олар әр учаскенің паспортын жасауға кіріседі. Яғни, ықшам ауданда тұратын отбасыларға мониторинг жүргізіп, қиын жағдайға тап болған жанұяларды анықтайды.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Егер отбасында қандай да бір проблеманың бар екені анықталса, онда барлық топ мүшелері жиналып, сол жанұяға барады. Мәселені зерттеп, қалай көмектесуге болатынын анықтайды.

Мобильді топ осылайша жанұяны өздерінің қадағалауына әрі қамқорлығына алады. Әрбір сұрақ бойынша кеңес беріп, көмек көрсетпек.

 

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова