МТРА жаңалықтары

«Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» акциясы

«Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн». Осындай атаумен Петропавлда дәстүрлі акциясы өтті. Шара барысында рейд өкілдері кәмелетке толмаған ұл-қыздар еңбек етуі мүмкін жұмысын орындарын аралап, ереженің ескерілуін тексерді.

Қазір жайдарлы жаз, оқушылар – демалыста. Бүгінде ұл-қыздардың бір бөлігі тынығып жатыр. Ал екінші жартысы қол қусырып отырмай, еңбек етіп, азды-көпті ақша тауып жүр. Бұл қаншалықты заңды? Балалар неше жастан бастап жұмыс істей алады?

-Сколько вам лет? – 15 лет. -Вы знаете, что несовершеннолетние дети до 16 лет не должны перерабатывать больше 24 часов. -Нет. – Это сестра моя, она мне помогает.

Тәртіп сақшылары балаларға жұмыс істеуге болмайды емес, болады дейді. Елімізде 14 жастан бастап іспен айналысуға рұқсат етіледі. Бірақ, оқушылардың еңбектері қаналмауы тиіс. Оның үстіне белгілі бір тұлға кәмелетке толмаған ұл-қыздарды ата-аналарының рұқсаттарымен ғана қызметке алғаны жөн. Ал адал тер төккен жанға басшылық жалақы аз төлесе немесе мүлде төлемесе ше? Міне, осындай жағдайларды болдырмас үшін полицейлер жыл сайын «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» акциясын өткізеді. Биылғы шара барысында қаламыздағы саябақ, базар, дәмханалар мен сауда нүктелері тексерілді. Сонымен қатар, тұрғындармен де әңгіме жүргізілді.

Альбина Балтабаева – Петропавл қаласы ПБ ЖПҚБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторы:

– Ағымдағы жылдың маусым айының 1-інен 12-не дейін қалада «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» акциясы өтті. Жалпы, ережеге сәйкес 14-пен 16 жасқа дейінгі балалардың жұмыс уақыты аптасына 24 сағатты құрайды. Ал 16 мен 18 жасқа дейінгілер жұмыста жұмасына 36 сағаттан артық болмауы тиіс.

Тексеріс кезінде облыс орталығында заңбұзушылық анықталған жоқ. Ал жергілікті тұрғындар кәмелетке толмаған балалардың еңбек етулеріне қалай қарайды?

–  Жасөспірімге жұмыс істеуге болады деп ойламын. Бұл болашақта – үлкен өмірде өз септігін тигізеді.

– Мен өзім 16 жасымда бір кәсіпкерде жұмыс істедім. Еңбек маусымы аяқталғасын жұмыс беруші ақшамды берген жоқ. Сондықтан, бәрі заңды болуы қажет.

Естеріңізге сала кетейік, кәмелетке толмаған балалардың еңбегін заңсыз пайдаланғандар жауапкершілікке тартылады. Дәлірек айтқанда, оларға 5,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады.

 

 

Ешкенова Дана