Аптадағы маңызды жаңалықтар

900 орынға арналған қазақ мектебі жыл соңында тапсырылады

Қалада 900 орынға шақталған қазақ мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі күні істің 60 пайызы тындырылған. Осыған дейін болған төтенше жағдай кезінде шаруа баяулап қалған көрінеді. Бірақ, қазір мектептің құрылысы қайта қарқын алған.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Уәлиханов көшесінің бойында салынып жатқан қазақ мектебінің құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған еді. Қазір жұмыстың 60 пайызы бітіп қалған екен. Мектеп 900 орынға шақталған. Яғни, оның өзі 3 блокқа бөлінген. Екеуінде оқушылар білім алса, ортасында спортзал, асхана мен акт залы орналаспақ.

Төтенше жағдай режимі болмаса қазір жұмыстың 90 пайызы аяқталып қалушы еді дейді мамандар. Құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігі – жергілікті. Ал бағана мен беларқалар Нұр-Сұлтан қаласынан жеткізіліпті. Оны тасудың өзіне 2 жарым ай қажет болған.

Мурат Харсиев, «Құрылыс-сервис СК» ЖШС құрылтайшысы:

– Төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан қаласындағы бағана мен беларқаларды шығаратын зауыт жұмысын уақытша тоқтаты. Біз де облыс төңірегінен асып ешқайда бара алмадық. Сол себепті, ісіміз сәл баяулады. Жалпы, құрылысқа 330 бағана мен 780-ге жуық беларқа қажет. Бірақ, қазір жағдай тұрақталды. Жұмыс уақытылы орындалып жатыр.

Жаңа ғана айтқанымыздай мектеп 3 бөліктен тұрады. «В» блогындағы жұмыс бүгінгі күні тәмамдалып қалыпты. Қызметкерлер қазір ішкі әрлеу, электромонтаж және еден мен желдету жүйесін орнатуды қолға алған. Ал қалған 2 блоктың құрылысын шілдеге дейін аяқтауға тырысамыз дейді мердігер.

Көпшілікке жақсы мәлім бұл жерде бұрындары жеке тұрғын үйлер орналасты. Маңайдың топырағы ісінгіш, сулы. Мәселені шешу үшін мамандар суды сорғызып алған. Айнала ылғалды болғанымен мектеп дымқыл болмайды дейді. Өйткені, ғимарат 1,2 метр биіктікте салынып жатыр. Және жертөленің астына қиыршық тас пен бетон төселіп, гидрооқшаулау жүргізілуде.

Мурат Харсиев, «Құрылыс-сервис СК» ЖШС құрылтайшысы:

– Құрылысты бастарда шамалы кедергілер туындады. Өйткені, бұл аумақ кезінде жеке сектор болған. Жер жұмсақ. Сүріліп тасталған үйлердің орнында жерқоймалар орналасқан. Оның барлығын аз уақыттың ішінде бітеп, тегістеп шықтық.

Биыл облыс бойынша 3 мектеп қолданысқа тапсырылады. Білім ошақтарының құрылысына облыстық және республикалық бюджеттерден 4,3 млрд теңге қаржы бағытталыпты.

Есләм Нұрғалиев – СҚО құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

– Жас өркен ықшам ауданында және Бескөлде мектеп салынып жатыр. Олар да биыл қыркүйек айында тапсырылады.

Ұл-қыздардың спортпен шұғылдануына да жақсы мүмкіндік жасалады. Мердігер білім ошағының маңындағы абаттандыру жұмыстарын өзі атқармақшы. Айтуынша ғимараттың қасына баскетбол, футбол алаңқайлары мен теннис кортын салып, жарық шамдарын орнатады.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан