Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жергілікті “Нубаев шұжықтары” өнімдеріне сұраныс жоғары

Мемлекеттік қолдауды пайдаланып, өз ісін өркендетті. Бескөлдік іскер азамат шұжық өндіретін цех ашып, қазір өнімдерін Қытайға жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорында 60 адам жұмыспен қамтылған.

“Нубаев шұжықтары”. Бескөлде өндірілетін өнім 2 жылдың ішінде брендке айналып үлгерді.

Бастапқы кезде 40-тан астам тауар түрі шығарылған. Кейін аталым ауқымы кеңейіп, қазір 63-ті құрап отыр.

Шуми Исаков – “Загот-Интер” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Шұжық пен деликатестер сиыр, тауық, шошқа және жылқы етінен дайындалады. Бір ауысымда 3 тоннадам астам өнім шығарамыз. Қажеттілік туындап жатса одан да көп өндіре аламыз. Шикізаттың барлығы жергілікті.

“Нубаев шұжықтары”-на деген сұраныс аса жоғары. Жергілікті тауарларды ресейліктер де тұынады. Бескөлдік өнімдерді Түменнің де сауда сөрелерінен кездестіруге болады. Алдағы уақытта әріптестік аясы кеңеюі мүмкін. Қазір “Загот-Интер” серіктестігі Қытай елінің азаматтарымен экспорт бойынша келіссөздер жүргізуде.

Шуми Исаков – “Загот-Интер” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Келешекте тауарларды Қытай еліне экспорттауды көздеп отырмыз. Ойымыз жүзеге асса жұмысқа қарқын қосылады. Нәтижесінде кәсіпорынға жаңадан мамандар аламыз. Бүгінде цехта 60 адам еңбек етеді.

Цехтың өзі де, ішіндегі қондырғылар да жаңа. Заманауи құрылғыларды кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның қолдауына жүгіне отыра 365 млн теңгеге сатып алыпты.

Мереке Сыздықов – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директоры:

– “Загот-Интер” серіктестігі 2019 жылы қондырғы сатып алу үшін екінші деңгейлі банктен қаржы алған болатын. Биыл “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін несие ресімдеді. Қарызды рәсімдеу кезінде іскер жанның кепілдік заты аз болғандықтан, “Даму” қоры займ сомасының 30 пайызын кепілдендірді.

Сөз соңында айта кетейік, биыл “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры СҚО-да 3 млн теңгеге жуық қаражатқа 34 жобаны кепілдендірген. Ал 47 жобаға тиесілі сыйақының пайыздық ставкасын субсидиялауға жыл басынан бері 4 млн теңге бағыттаған.

 

 

 

Дана  Ешкенова