Құқық қорғау органдары

Жанар-жағармай станциясына қарақшылық шабуыл жасалды

Заң бұзған құрдастар құрықталды! Маусымның 9-ынан 10-на қараған түні  Қызылжар ауданында жанар-жағармай станциясына қарақшылық шабуыл жасалды. Қос баукеспе кассирді қорқытып, қомақты қаржыны қалтаға басқан. Көп кешікпей тәртіп сақшылары екеуін де қолға түсірді.

Оқиға желісі былай болған. Түнгі екілер шамасында Соколовка ауылы маңындағы жанар-жағармай станциясына медициналық бетперде киген 2 ер адам баса-көктеп кіріп, кассирден ақша талап еткен. Олардың бірі тіпті әйел адамға кеңселік пышақ тақап, қорқытқан. Бірақ, 47 жастағы кассир қаскөйге барынша қарсылық көрсетіп, сытылып шығып, көрші тұрған газ құю станциясына қарай қаша жөнелген. Сол жерде полицияға хабар беріпті. Қылмыскерлер кассадағы 270 мың теңгеден астам соманы алып, жоқ болған. Тәртіп сақшылары хабарды ала сала оқиға орнына дереу жетеді. Бірнеше сағатқа созылған іздестіру шараларының нәтижесінде ұрылар қолға түсті.

Талғат Смағұлов – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

 – Қызылжар ауданының Соколовка ауылы маңындағы жанармай құю бекетіне шабуыл жасалды деген ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері шықты. Іздестіру шаралары барысында облыс орталығына қарай бет алған 2 жас жігіт анықталды.

Тексеріс барысында ұрылардың сөмкелерінен ұрланған ақша табылды. Қос баукеспе аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Күдікті:

 – Увидел, что женщина одна сидит, как раз сумма денег нужна была, но решил там взять получается.

Күдікті:

 – Я стоял на стороже, чтобы не дай Бог проезжающая машина не остановилась. Ждал, когда друг выйдет с деньгами.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлігі «Қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

 

 

 

Дана Ешкенова