Денсаулық сақтау

Тұрғындар тағамға масканы шешпей тапсырыс жасаулары тиіс

Рейдтік шаралар жалғасуда. Петропавлда санитарлар мен тәртіп сақшылары ойын-сауық және тамақтану орындарының жұмысын тексерді. Бүгін мамандар орталық саябақ пен әткеншектер әлеміне барды. Шара барысында аспан астындағы дәмханада отырған бірнеше тұрғынға ескерту жасалды. Мамандардың айтуынша тамақтануға келген жерлестеріміз бетперде киген күйі тапсырыс беріп, тағамды әкелгенше дейін масканы шешпеуі керек.

Балмұздақ сататын орындар, аттракциондар мен ашық аспан астындағы дәмхана. Балалар мен үлкендерге бос уақытын көңілді өткізу үшін бұдан артық не бар. Сол себепті ме саябақтың іші халыққа лық толы. Ұзақ уақыт карантиннен кейін саябақ ашылып, әткеншектер әлемінің жұмысын бастағанына бүгін 10 күннен асты. Бірақ, аталған орында тазалық шаралары сақталып жатыр ма? Мұны білмекке тәртіп сақшылары мен санитар мамандар келді.

Мына бір жерде балмұздақ сатушысының санитайзері мен қолғабы болмай шықты. Камерадан бетін ала қашқан нәзікжанды қойған сұраққа дұрыс жауап бере алмады.

Мамандар сатушыға ескерту жасап, оның жеке мәліметін жазып алды. Егер ереже қайта бұзылып жатса, аталған орынның қожайыны жауапкершілікке тартылады.

Ал мына жер – даладағы тамақтану орны. Санитар мамандардың айтуынша тамақ ішуге келген адамдар тапсырыс бергенде және оны алған кезде маска киіп отырулары тиіс екен. Тіпті, клиенттер бір отбасының мүшелері болса да. Мұндай ережені көбісі біле бермейтін секілді. Мамандардың айтқанымен келіспей орнынан тұрып кетіп жатқан жандар да кездесті. Аттракциондарда да тазалық шаралары жиіс жасалып тұруы қажет. Әткеншектерді әр айналған сайын залалсыздандырып отыру маңызды.

Айнаш Сағандықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

– Көбінесе сатушылар бетпердесіз және қолғапсыз келушілерді қабылдайды.

Жалпы, мамандар бүгінгі күнге дейін 2800-ге жуық нысанды тексерген екен. Олардың ішінде тиісті санитарлық талаптарды сақтамауға байланысты 246 факті анықталған.

 

 

 

Бердимурат Баймухан