Қоғам

Мемлекеттік қызметшілерді құттықтау бастау алды

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Мейрам қарсаңында мемлекеттік қызмет мамандары Светлана Зайцеваны құттықтады. 40 жылдай аянбай еңбек еткен сала ардагеріне  жылы лебіз білдіруге шәкірттері де жиналды.

Ақ хризантемалар – Светлана Зайцеваның сүйікті гүлдері. Бұрынғы әріптестері зейнеттегі нәзікжандыға ризашылықтарын білдіруде. Жүректен шыққан жылы сөздер жүрекке жетеді. Құттықтап келгендердің арасында азаматшаның шәкірттері де бар. Рамиль Бахриразиев бір жыл көлемінде Светлана Зайцевамен бір ғимаратта еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтапты.

Рамиль Бахриразиев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

–  Светлана Зайцевамен алғаш танысқан кезде мен жас маман болдым. Ал тәлімгеріміз бөлім басшысы қызметін атқарды. Маған адамдармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Адал еңбек ету қажет деп жиі айтатын. Светлана Николаевана – өте жауапты кісі, ол менің алғашқы тәлімгерім.

Светлана Николаевна өзінің еңбек жолын сонау 70-ші жылдары бастапты. Нәзікжанды алғашқы кезеңде ішкі істер органдарында жұмыс істейді. Кейін, прокурордың көмекшісі болады. Уақыт өте келе мемлекеттік қызмет істері саласына ауысып, жергілікті департаментте бөлім басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады. Ал 2016-да зейнетке шығады.

Светлана Зайцева – еңбек ардагері:

– Мемлекеттік қызмет саласындағы жұмысым өте ұнады. Бұл істе қорықпау қажет. Ең бастысы – орын алған жағдайға сай әрекет ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасын білу керек. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе болды.

Адалдық, іске деген жауапкершілік және талпыныс. Жұмыста Светлана Николаевна 40 жылдай осы қағиданы ұстанып келіпті. Сондықтан, жас мамандарды да тура жолдан таймауға шақырады.

Светлана Зайцева – еңбек ардагері:

– Мен көп жерде жұмыс істегеніме және тәжірибемнің көп болғанына қарамастан әрқашан әр түрлі адамдардан жаңа дүние білуге ұмтыламын. Алған білімді, жинақтаған тәжірибемді жастармен бөлісуге тырысамын. Оларды жұмыста батыл болуға, қызметті адал атқаруға шақырамын.

Светлана Николаевнаның зейнетке шыққанына биыл 4 жыл. Қазіргі таңда нәзікжанды бос уақытын немерелерімен өткізеді. Дегенмен, бұрынғы жұмысын еске алып, үнемі әріптестерімен жолығып тұрады.

 

 

 

 

Диана Есім