Көлік және жолдар

Құдықтарды жол деңгейімен бірдейлеу жұмыстары жүргізілуде

Шаһарда қақпағы қисайып, жол деңгейінен төмен түсіп кеткен құдықтар көп. Бүгінде олардың саны 2 мыңға жетіп қалған екен. Оның үстінен жүріп өткен жан  көлігіне зақым келтіреді не болмаса жол-көлік апатын тудыруы әбден мүмкін.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Аузы ашылып жатқан мынадай люктерді қаланың әр жерінен көруге болады. Көбінесе шет жағында орналасқан көшелерде. Бұл күндіз көліктердің жүруіне кедергі келтірсе, кешкі уақытта апат тудыруы әбден мүмкін.

Қаланы бір аралап шықсаңыз мұндай люктердің түр-түрін көресіз. Олардың кейбіреуінің аузы ашылып, екіншісінің қақпақтары қисайып жатыр. Енді келесі мәселеге көшейік. Бұл – Петропавлдың негізгі көшелерінің бірі. Мұндағы құдықтардың беті асфальт деңгейінен төмендеп кеткен. Дәл түсірілім кезінде кездейсоқ өтіп бара жатқан көліктердің бірі осы құдықтың үстімен өтемін деп дөңгелегінің қалпағынан айырылды.

Қалпақ мейлі, дөңгелегі шығып кетіп, апат орын алса ше? Онда жағдай тіпті қиын болады. Ал осыған кім жауап береді? Бұл сұрақты “Қызылжар су” серіктестігінің өкілдеріне қойдық. Олар құдықтарды асфальтпен бірдейлемейміз, тек қою және жөндеумен айналысамыз дейді. Сондай-ақ, биыл мамандар қала бойынша ұрланған 58 люктің қақпағын қайта орнатқан екен.

Ербол Набиев – “Қызылжар су” ЖШС су тарту кешенінің бастығы:

– Біз апаттық жағдайдағы құдықтарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде ғана оларды көтереміз. Негізгі міндетіміз – сол. Кейде жол салатын кәсіпорындар асфальтты құдықтың үстінен төсеп өте шығады. Сол себепті, люктің беті бір деңгейде болмай, төмен түсіп кетеді. Ондай шалалық болмас үшін істі жан-жақты ақылдасып жасау қажет.

Жергілікті билік проблеманы біртіндеп шешіп жатырмыз дейді. Қазіргі күні мамандар қаладағы бақылау құдықтарын көтеру жұмыстарын бастап кеткен екен. Бұл істі коммуналдық ұйымдармен бірлесе атқарып жатыр”.

Владислав Лукин, қала әкімінің орынбасары:

– Орталық көшелерде көлік көп жүреді. Сол себепті, бүгінде қаланың негізгі 15 көшесінде бақылау құдықтарын көтеруді бастадық. Олардың саны – шамамен 780. Іске “Қызылжар су”, “Жылу желілері”, “Қазақтелеком” серіктестіктері және апаттық қызмет мамандары қосылған. Коммуналдық мекемелер шаруаны өз қаражаттарына атқарады. Әр ұйым өз құдығын өздері көтерулері тиіс.

Жалпы, мамандар қала бойынша 2 мың құдықты жол деңгейімен теңестірмекші екен. Іс келесі жылға дейін жалғасын табады.

 

 

 

Бердімұрат Баймұқанның