Көлік және жолдар

Жөнделген жол бір жыл өтпей бұзылды

Жөнделген жол бір жыл өтпей бұзылды! Былтыр Жамбыл ауданындағы Благовещенка-Қайранкөл бағытындағы трассаның 18 шақырымы қалыпқа келтірілген болатын. Аты шулы “Kaz Fortis” серіктестігі айналысқан іске 600 млн теңге бағытталған. Алайда, бүгінде асфальттың сапасы мүлде сын көтермейді. Кеше тиісті аумақпен “Сапалы жол” жобасының өкілдері танысып, мәселенің мән-жайын анықтады.

Бұл – жамбылдықтардың жан айқайы. Оларды айта-айта жауыр болған жол мәселесі толғандырады. Сөздерінше былтыр  араға табаны күректей 28 жыл салып Қайранкөл ауылына апаратын трасса жөнделіпті. Бірақ, істің сапасы сын көтермейді. 18 шақырымға асфальт төселгеннен кейін қазан айында-ақ бұзыла бастаған. Ал қазір тиісті шаруа атқарылған аумақ тіпті Алдардың шапанындай, яғни бұрынғыдай шұрық-тесік.

Қайыргелді Амантаев – Қайранкөл ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы:

– Күннен-күнге асфальт қопарылып жатыр. Айналып өтеміз. Халықтан арыз түсіп жатыр.

Бір қызығы ұзаққа шыдас бермеген учаскені тиісті мамандар қабылдаған. Ал өткен күзде бұл жерде “Сапалы жол” жобасының қатысушылары болып, қателікті анықтапты. Және мердігерге олқылықты түзетуді тапсырған екен. Алайда, тиісті шаруа атқарылмаған. Баяғы жартас – сол жартас.

Жолдыбай Тентеков – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚО бойынша филиалының директоры:

–  Асфальттың қалыңдығы 5 см-ге сай келуі керек. Тағы, астында қиыршық тас пен цемент араласқан қабат болуы қажет. Сондықтан, жол осындай болып қалды.

Жол қандай себептермен бұзылды? Рейд қатысушыларының сөзінше асфальт кәдімді жерге төселіпті. Салдарынан ой-шұқыр пайда болды. Енді оны қалыпқа келтіруге қаруар қаржы, бірер ай уақыт қажет. Сонда бақандай 600 млн теңгенің құмға сіңген судай болғаны ма?

–  Что в области больше поломанных дорог нет? Вот так каждый раз консилиум собирать. Наша компания только делает дороги? Есть разрушения, значит устраним.

Ал “Kaz Fortis” серіктестігінің директоры кінәдан ат тонын ала қашты. Ол көпті толғандырған проблема тапсырыс берушінің қателігінен орын алды дейді. Айтуынша, рәсімделген құжаттағы мәліметтер жөндеу жұмыстары кезінде учаскедегі жағдаймен сәйкес болмай шыққан.

Эдуард Шандер – “Kaz Fortis” ЖШС директоры:

– Біз бейінді басқармаға хат жаздық. Бұл жерде сәйкессіздік орын алды. Нақтырақ айтсақ, учаскенің топырағы ісінгіш. Мұны біз кеш білдік. Жөндеу жұмыстары басталмай тұрып білу керек едік. Шаруа барысында асфальттың ұзаққа шыдас бермейтіндігін де айттық. Енді олқылықты түзейміз.

Мердігер олқылықты 15-ші маусымға дейін түзетуі тиіс. Оған дейін іс тындырылмаса, тапсырыс беруші сотқа арызданбақшы. Негізі, “Kaz Fortis” серіктесті көпке мәлім. Аты шулы компания былтыр Заградовка селосына апаратын жолды да жүрдім-бардым жөндеп, сынның астында қалған еді. Дау әлі жалғасуда.

Александр Бодуновский – СҚО бойынша арнайы мониторингілік тобының жетекшісі:

– Попросили, рекомендовали. Все равно осталось также. Сделали, приняли у вас дорогу и вот результат. Смысл 600 млн тенге? Это для местного населения же делается.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Қазіргі кезеңде мердігер аумақтың жағдайы, топырақтың қандай екені алдын ала айтылмады дейді. Негізінде құжатта барлық мәлімет көрсетілген. Оны жол жөндеу жұмысымен айналысатын компания өкілдері тексеріп алулары қажет еді. Яғни, істі бастамас бұрын осында келіп жағдаймен танысулары керек болатын. Бірақ, бақылау жүргізілмеді. Салдарынан осындай мәселе туындап отыр.

Алдағы уақытта мұндай рейд шарасы өз жалғасын таппақ. “Сапалы жол” жобасының қатысушылары істі ұдайы бақылауда ұстаймыз дейді.

Саят Ермек