Құқық қорғау органдары

Велосипед жымқыру тыйылмай тұр

Петропавлда велосипед жымқыру тыйылмай тұр. Жаз келісімен баукеспелер, тіпті, белсенділігін арттырған. Екі дөңгелекті көлік құралы ұрлығының алдын алмаққа полицейлер жаңа әдісті қолданып жатыр. Қазір шаһарда велосипедтердің бірегей базасы құрылуда.

Жыл басталғалы өлкеде осынша велосипед қолды болған. Басым бөлігі Петропавлда. Жымқырылған қосдөңгелектілердің жартысынан көбі әлі табылмапты. Баукеспелер қатынас құралдарын көбіне подъездерден ұрлап, мініп кетеді екен. Сондықтан, полицейлер қазір профилактикаға ден қойған.

Руслан Сыздықов, Петропавл қалалық ПБ 2-ші полиция бөлімінің бастығы:

– Біз қазір жұртшылыққа жадынамалар таратып жүрміз. Әрбір қозғалыс құралының рамасында немесе педалінде арнайы код бар. Оны біз жазып алып, тіркеуге қоятын боламыз.

Осылайша, ұрланған мүлік сатылып кетуі мүмкін орындар тексерілгенде қолды болған дүниені табу жеңілдейді. Ал мамырдан бастап тәртіп сақшылары тағы тың әдісті қолға алған – шаһардағы велосипедтердің барлығын бірегей базаға енгізіп жатыр. Әзірге, бұл жүйеде 800-ге тарта қосдөңгелекті бар.

Ерболат Қаптаев – Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Велоипедін базаға енгізуге келісім берген азамат сауалнама толтырады. Мұнда иесінің жеке деректері, қатынас құралының маркасы мен түсі және раманың сериялық нөмірі жазылады. Соңынан бұл ақпар қалалық полиция басқармасына жолданады. Бұл жаңашылдық велосипед ұрлығының азаюына, ал ұрланғандарын жедел іздеп табуға сеп болмақ.

Ұрлықтың өршіп тұруына көбіне иелердің селқостығы да себеп. Мәселен, мына ер адам өзінің көлік құралын гараждың маңына қойып, бірер минутқа қалдырып кеткен. Ұрыға осы уақыт артығымен жеткен. Сол екі ортада велосипед жоқ болады.

– Аулада велосипедтің жатқанын көріп қалдым. Оған отырып, теуіп кеттім. Өзіме қалдырамын деп шештім. Бірақ, полицейлер тауып алды.

Камера болмағанда, тауып алу екіталай еді. Сондықтан, тәртіп сақшылары қатынас құралын бейнежазба құрылғылары бар аумақтарға қоюға кеңес береді.

Саят Ермек