ТЖ

СҚО-да тағы бір адам суға батып кетті

Қызылжар ауданында 29 жастағы жігіт суға батып кетті. Ол Есіл өзенін жүзіп өтпекші болған. Бұл облыс бойынша осы айда суда тіркелген 3-ші қайғылы оқиға. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қазір жағажайларда  алдын алу шараларына ден қойған және шомылуға келген жандарға/ қауіпсіздік жағын ұмытпауды ескертеді.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше 9 маусым күні өңірімізде бірден 3 оқыс оқиға орын алды. Олардың 2-еуі қала маңындағы Пестрое көлінде тіркелді. Мұнда алдымен құтқарушыларды жас қыздар әбігерге салды. Қос петропавлдық кешкілік катамаранмен су айдынының шомылуға рұқсат етілген аумағынан шығып, жағаға өз күштерімен келе алмаған. Абырой болғанда жерлестеріміз дін аман. Бойжеткендерге рейдте жүрген мамандар көмектесті. Ал араға 3 сағат салып 4 ер азамат құтқарылды.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

–  4 ер адам Пестрое көлінің шомылуға рұқсат етілмеген жерінде катамаранмен жүрген. Бір сәтте арнайы құралдың басқыштары істен шығады. Бұл жерлестерімізге де рейдте жүрген мамандар көмектесті. Қызметкерлеріміз кешкі 9 шамасында демалушыларды құтқарды.

Ал Қызылжар ауданына қарасты Кустовое селосында қайғылы жағдай тіркелді. Мұнда 29 жасар ер адам Есіл өзеніне батып кетті. Құтқарушылардың айтуынша азамат рұқсат етілмеген жерде шомылған екен.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Есіл өзеніне 2 жігіт түскен. Олар бір жағадан екіншісіне жүзіп өтпекші болыпты. Бірақ, біреуінің ойлағаны жүзеге аспады. Азамат суға батып кетті. Ал екіншісі арнайы жилет кигендіктен жағаға шықты. Алдын ала мәліметтер бойынша жерлестеріміз алкогольді ішімдік ішкен. Қазір біз суда қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін күшейтілген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Енді аз-кем статистикаға тоқталайық. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл өңір аумағында оқыс оқиғалар 3 фактіге көбірек орын алыпты. Осыған байланысты ТЖД өкілдері азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Диана Есім