Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімдігінің отырысы

12 мың жерлесіміз құтты қоныс тойын тойламақ. Солтүстікқазақстандықтардың баспана мәселесін шешу үшін биыл 3 мың пәтер қолданысқа тапсырылады. Өңірде құрылыс маусымы қызған. Мердігерлер қолға алған жобаларын уақытылы аяқтауға тырысып бағуда. Бірақ, жоспарды орындау барысында олқылықтарға жол беруге болмайды. Бұл туралы өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов әкімдік отырысында айтты. Жиында суға түсу маусымындағы қауіпсіздік мәселесі де сөз болды.

Құрылыстың мұндай қарқыны Солтүстік Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Жаңа нысандар мен баспаналарды тұрғызуға биыл бюджеттен 37 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде 16 млрд «Нұрлы жер» бағдарламасына бағытталып отыр.

Серік Мұхамедиев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларының аралығында 15,3 млрд теңге игерілді. Бүгінде өңір бойынша 42,2 мың шаршы метр қолданысқа енгізілді. 6 айдың қортындысы бойынша межені 67 мыңға дейін жеткізу көзделуде. Биыл сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспаналарды тұрғызуға 3,2 млрд теңге бөлінді. Оған 11 жер үй мен 625 пәтер салуды жоспарлап отырмыз.

Бағдарлама аясында қоланысқа тапсырылған пәтерлердің 55 пайызы – Петропавл қаласында. Десе де әлі күнге дейін құтты қонысының кезегін күтіп отырған 14500 қала тұрғыны бар. Олардың тең жартысы – әлеуметтік әлжуаз топ өкілдері.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алдағы мақсат – әлеуметтік аз қамтылған жанұяларды баспанамен қамту. Әр жетінші пәтер жетімдерге, әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға берілді. Осылайша, 3 мың адам үйге байланысты жағдайын жақсарта алды.

Жұмыс жалғасады. Биыл барлығы 12 мың адамның баспанаға байланысты жағдайын түзеу үшін 3 мың пәтер тапсырылады. 625-і әлеуметтік аз қамтылған жанұя өкілдеріне арналған. Құрылысқа қарқын қосуға жеке компаниялар да септесуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-3 жыл бұрын үй салатын тек 1 жеке компания ғана болатын. Қазір 7 бірдей серіктестік бар. 10 бірдей көпқабатты үйді солар тұрғызып жатыр. Осы орайда өзге де кәсіпорындар ниет танытып отыр. Бұл жақсы тенденция.

Қатарға жеке компаниялардың қосылғаны көңіл қуантарлық. Бірақ, баспананы сапалы әрі уақытында тұрғызса болғаны. Яғни, құрылысты асығып жүрдім-бардым атқаруға болмайды. Нысанды тапсыру мерзімін кешеуілдетуге де жол жоқ. Өңірде құжаттарын рәсімдеп, бірақ пәтер кілтін ала алмай отырғандар бар, өкінішке қарай. Неге? Ағаттық инфрақұрылым мен баспананы тұрғызуды жоспарлаудан кетуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең бірінші кезекте жобаны жасау керек. Мақұлданған соң инфрақұрылымды тарту керек. Содан кейін ғана баспананың құрылысына кірісуге болады. Бізде – барлығы керісінше. Үйді тұрғызады да, желілерді тартуға кіріседі. Бұл дұрыс емес.

Құрылыс саласындағы әлеуетті бағыттардың бірі – жер үйлер мен апаттық баспаналарды сүріп, орнына биік, әдемі нысандарды тұрғызу. Бүгінге дейін 1000 учаске мен құлауға шақ қалған 8 екіқабатты баспана бұзылды. Босатылған орын қазір тиімді пайдаланылып жатыр. Солтүстік Қазақстанда бастау алған жоба өз нәтижелілігін дәлелдеді. Қоныс аударушыларға су жаңа баспана тұрғызып беруді де аққайыңдар өлкесі бірінші болып қолға алды. Биыл аймаққа көшіп келген 700 отбасыға бірден құтты қоныстың кілті табысталады. Тағы ауылдағы ағайынға арналып 100 үй салу көзделіп отыр. Өңірдегі құрылыс маусымымен бірге, шомылу маусымы да қазір қызып тұр. Бірақ, демалыс орындарының дайындығы шамалы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шомылатын аумаққа мұнара қою керек. Ол биіктіктен 25-30 метр аралықтағы жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бұл қарапайым талапты орындау қиынға соқпас.

Талап орындалмаса, шомылатын аймаққа демалушылардың келуіне рұқсат етілмейді. Пестрое көлінің маңын аббаттандыруға қатысты да өңір жетекшісі сын айтты. Жағажайда құмның көлемі аз, дәретханалардың саны да жеткіліксіз әрі спортпен шұғылданып, ойын ойнайтын алаңқайларды да көбейту керек.

Эльмира Садвокасова