Балалар

Оқушылар сарайындағы 87 үйірмеге 2 мыңнан астам бала барады

Оқушылар сарайында 87 үйірме бар. Оның 67-сі IT саласына бағытталған. Бүгінде 2 мыңнан астам бала осында  ізденіс жолында түрлі тәжірибелер жасап, білімін молайтады. Жас өнерпаздар мен зерттеушілер бос уақыттарын Оқушылар сарайында қалай өткізеді? Ақтолқын Солтанханқызы біліп қайтты.

Бұл – биология кабинеті. Ұл-қыздар қазір адамның жүрек соғысы мен өкпенің сыйымдылығын анықтау үшін арнайы құрылғының көмегімен шағын тәжірибе өткізіп жатыр. Кезекті сынақ жұмысының басы- қасында жүргендердің бірі – Сәнжан Нұрмұханбет. Талапты жас Оқушылар сарайында биология пәнінен үйірме ашылған кезде алғашқылардың бірі болып келген. Оның аталған салаға деген қызығушылығы зор.

Сәнжан Нұрмұханбет – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің оқушысы:

– Медицина саласында жұмыс істегім келеді. Ондағы негізгі пәндер биология мен химия боғандықтан, қазір уақытымның негізгі бөлігін осы үйірмеде өткіземін. Бұл менің болшақ мамандығыма қажет.

Үйірмеге келушілер кітаптағы дүниені оқып қана қоймай, оны іс жүзінде жүзеге асыруға тырысады. Осы мақсатта олар түрлі тәжірибелер жүргізеді. Мәселен, қазір судың сынамасын алып, оның ішуге жарамдылығын тексеруде.

Нәтиже көрсеткендей судың құрамында артық қоспа жоқ. Сапасы қалыпты деңгейде.
Жалпы, бүгінде бұл үйірмеге 240-тан астам ұл-қыз келіп жүр. Олар аптасына 2 рет жарты сағаттан түрлі сынақ өткізеді.

Ал физика кабинетінде жас зерттеушілер электростатика негіздерін пысықтап жатыр. Яғни электр зарядтарының өзара әсерін, олардың тепе-теңдік шартын қарастыруда. Физиканы тануға ден қойған жеткіншектердің саны – 70.

Александр Макаренко – Оқушылар сарайының қосымша білім беру оқытушысы:

– Карантин уақытында ZOOM кеңістігі арқылы қосымша сабақтар жүргізген едік. Бірақ, оның өзіндік қиындықтары болды. Мамырдың 18-інен бастап қалыпты режімге оралдық.

Сөз соңында айта кетсек, бүгінде Оқушылар сарайында 87 үйірме жұмыс істейді. Сан саланың қыр-сырын зерттеп-зерделеп жүрген балалардың саны 2 мыңнан асады.

Ақтолқын Солтанханқызы