Ерiктiлер

Еріктілер тұрғындарға электрондық қызмет алуды үйретеді

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының жаңа тәртібі жұртшылыққа әлі де түсініксіз. Көбі мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта қалай алу керектігін білмейді, ал кейбірі заман игіліктерінің тілін түсінбейді. Азаматтарға енді еріктілер көмекке келмек. Волонтерлер қажетті анықтамалар мен басқа да құжаттарды мекемеге жүгінбей-ақ рәсімдеу тәртібін түсіндіретін болады. Мұндай жоба күллі Қазақстан бойынша жүзеге асуда.

Қаладағы ХҚКО алдында ұзын-сонар кезек. Мекеме осыдан 3 апта бұрын жұмыстың онлайн тәртібіне көшсе де күн сайын қарасы қалың жұрт шыжыған күн астында тұрады.

Кезектегілердің көбі – қарттар. Аға буын интернет пен смартфон тілін біле бермейді. Броньдау, порталға кіру сияқты әрекеттер оларға таңсық. Сондықтан, орталыққа ағылуға мәжбүр. Абырой болып, онлайн формат қолжетімсіз азаматтар үшін мұнда арнайы терезе жұмыс істейді, ал өзгелеріне – бір тәртіп.

Серік Бейсенов – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Қазір ХҚКО 111 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Олар электрондық форматта қолжетімсіз. Мәселен, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу немесе жеке куәлік пен паспорт алу. Бұл үшін азаматтар “egov” сайты, телеграм-бот арқылы не 1414 нөміріне хабарласып, ертерек кезекке тұруы тиіс. Ал қалған қызметтерді онлайн үлгіде алуға болады.

Бірақ, порталға кіріп бас қатырғанша, орталыққа барған жеңілірек дейді көбі. Өйткені, смартфоны мен компьютері бола тұра, сайтта армансыз адасады. Көмекке енді еріктілер келмек. Олар көшелерге шығып, нұсқаулықтарды таратады, жұртқа анықтамалар мен ЭЦҚ-ны алу жолдарын көрсетеді, мобильдік қосымшаларды пайдалануды үйрететін болады. Тиісті меморандумға тараптар бүгін қол қойды.

Серік Бейсенов – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Волонтерлердің көмегі бізге керек. Жұртқа бәрін түсіндіріп беру қажет, өйткені қызметті онлайн түрде алу негізі өте жеңіл, бір рет көрсең, оңай іліп әкетесің.

Еріктілер жастармен де, қарттармен де жұмыс істейтін болады. Қиналғанға тиісті консультация береді. Қазір 20-ға тарта белсенді жас тиісті курстардан өтіп жатыр. Яғни алдымен өздері үйренеді, кейін білгенін өзгелерге үйретеді.

Лилия Гизатуллина – СҚО еріктілікті қолдау орталығының жетекшісі:

– Мәселен, бір әжей кезекті броньдай алмай жатыр делік. Біз оған келіп, көмектесеміз. Егер телефоны болмаса, шаруаны өзіміздің смартфонымыз арқылы тындырамыз. Сондай-ақ, қызметтерді электрондық тәртіпте алу жолдарын әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда түсінікті тілмен жариялап отыратын боламыз.

Еріктілерді шаһардағы барлық ХҚКО-ның алдында кездестіруге болады. Көк кепка киіп, бейдж тағынған жасты көрсеңіз, қысылмай көмек сұрай беріңіз. Сондай-ақ, азаматтарға ыңғайлы болу үшін қазір қала бойынша 100-ден астам өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орнатылған. Құжаттарды сонда рәсімдеп, шығарып алуға болады. Ал мұндай бұрыштардың орналасқан орындарын “2ГИС” қосымшасын ашып, табуға болады.

Саят Ермек