Мәдениет

Ашық аспан астындағы сабақ

Оқушылар сарайындағы көркемөнер мектебінде 2 апталық пленЭр сабақтары өтуде. Оған жергілікті ондаған ұл-қыз қатысуда. Шара барысында жас өнерпаздар ашық аспан астында айналаны ақ параққа бейнелеуде. Дәстүрлі бастама балаларға қоршаған ортаны терең сезінуге мүмкіндік береді екен.

Камила Катиенова Оқушылар сарайындағы көркемөнер мектебінің 2-ші сыныбында тәлім алып жүр. 8 жасынан бейнелеу өнеріне қызығушылық таныта бастапты. Бірқатар конкурстардың жүлдегері атанып үлгерген. Жас өрен болашақта зәулім нысандардың сызбасын салып, әйгілі архитектор болуды алдына мақсат етіп қойыпты.

Камила Катиенова – Оқушылар сарайындағы көркемөнер мектебінің тәрбиеленушісі №57: 

– Мен осы сурет мектебіне жастайымнан қатысамын. Менің отбасым да өте жақсы сурет салады.

Шәкірттер ашық аспан астында табиғаттан бастап сәулет нысандарына дейін қағаз бетіне түсіреді. Алдымен қара қарындашпен сызба жасайды, кейін оған сулы бояумен өң береді.

Айжан Дайырова – Оқушылар сарайындағы көркемөнер мектебінің тәлімгері №65: 

– Жыл сайын 1 маусымнан 15 маусымға дейін біздің мектепте пленэр сабақтары жүргізіледі. Жоспар бойынша бұл сабақтарға дайындық сыныптардан бастап 1-3 сынып аралығындағы шәкірттер қатысады.

Қатарынан 2 апта бойы өтетін пленэр сабақтарынан кейін шәкірттер жазғы демалысқа шығады.

Рабиға Ералы