Халық тарих толқынында

Жергілікті ғалымдар мен студенттер экспедицияға аттанды

Тарихтың біз білмейтін сырларын ашпақ! М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың ғалымдары мен студенттері Уәлиханов ауданына экспедицияға аттанды. Олар 1 жарым айға созылатын қазба жұмыстары барысында Алтын Орда кезеңіне тиесілі “Қызыл оба” ескерткішін жаңа қырынан танымақ. Жерлестерімізді  білім ордасының өкілдері мен біздің арнаның түсірілім тобы салтанатты түрде шығарып салды.

Дархан Нарғожа – жергілікті университеттің 3-курс студенті. Мамандығы – тарихшы. Болашақта білікті археолог болғысы келеді. Сол себепті, қазірден бастап тәжірбие жинауда. Мысалы, былтыр жас жігіт “Қызыл оба” ескерткішіне барып, қазба жұмыстарына қатысыпты. Экспедициядан мол әсер алдым дейді. Сондықтан, биыл да тарихи қорымда болып, ортағасырлық мәдениетпен тереңірек танысуға асық.

Дархан Нарғожа – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бұл экспедиция мен үшін үшінші болайын деп отыр. Қазба жұмыстарын былтырғыға қарағанда кеңейтіп, құнды жәдігерлерді табамыз деген ойдамын.

Өткеннен сыр шертетін қорым неге бұрын емес, былтыр ғана табылды? Бұл сұраққа жергілікті ғалымдар жауап берді. Олардың сөздерінше Кеңес уақытында ортағасырлық тарихты зерттеуге тыйым салынған. Ескерткіш, сол себепті, анықталмады. Дегенмен, нысан жайлы мәлімет
көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың жазбаларында кездеседі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ археологиялық оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Анатолий Плешаковтың айтуынша археологиялық әлемді толыққанды зерттеудің арқасында көптеген жаңалық ашуға болады дейді.

Анатолий Плешаков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ археологиялық оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі:

– “Қызыл оба” қорымы – өте әдемі және үлкен нысан. Оны міндетті түрде мұражайлау қажет. Алтын орта кезеңінен 7 бірдей мазар қалды. Ал оның ішіндегі тарихи жәдігерлер мен ескерткіштердің саны өте көп. Осы құнды заттардан орта ғасырлық тарих жайлы жаңа мәлімет аламыз.

Археологиялық қазба жұмыстарына университет ұжымы ғалымдар мен студенттерді салтанатты түрде шығарып салып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Экспедиция Уәлиханов ауданында бір жарым ай бойы жүргізілмек.

Дана Ешкенова