Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚ әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша – үздіктер қатарында

Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс пен инвестиция тарту. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша СҚ – үздіктер қатарында. Үстіміздегі жылдың 5 айында мұндай жетістікке еліміздің тек 3 облысы мен бір мегаполисі ғана жете алды. Аққайыңдар өлкесінде төтенше жағдай салдарына қарамастан әрбір салада айтарлықтай өсім байқалады. Қаңтар мен маусым аралығында аймақта атқарылған шаруаны Құмар Ақсақалов Үкімет отырысында баяндады.

2020 жылдың 5 айы артта қалды. Үкімет отырысында осы аралықта атқарылған шаруа баяндалуда. Солтүстік Қазақстандағы көрсеткіштер кеуде қағарлық. Аймақ басшысы баяндамасын ауыл шаруашылығынан бастады. Сектордың даму қарқыны әрдайым оң динамикаға ие. Өсім ет өндіру мен іске қосылған 7 заманауи сүт-тауарлы ферманың есебінен болып отыр. Алдағы уақытта мұндай өндіріс ошақтарының саны тағы 10-ға артады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өнеркәсіп өндірісі 106,9 процентке өсті. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім бар. Оның ішінде машина жасау 40 процентке және тамақ өнімі артты. Бұл салалардың жалпы үлесі 87 пайызды құрайды. Сіздің қолдауыңыздың арқасында ЗИКСТО жұмысын қайта бастады. Кәсіпорында 15 млрд теңгенің тапсырысы бар. Жыл басынан 5 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Зауыт тағы да 40 млрд теңгеге 200 платформа жасауға дайын.

Жақсы қарқын құрылыс саласында да байқалады. Динамика одан да артпақ. Алдағы 2 жылдың ішінде бюджет пен құрылыс компанияларының есебінен 32 көпқабатты үй қолданысқа тапсырылады. Бұл тек – облыс орталығында ғана. Елдімекендіктерге қатыста жоспар – 800 баспана. Көрсеткіштерге Үкімет басшысы өзінің оң бағасын берді.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі:

– 4 өңірде негізгі көрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың озық қарқыны қамтамасыз етілген. Қарағанды, СҚО, Алматы, Қостанай облыстары. Өте жақсы көрсеткіштер. Өңірлер экономикалық көрсеткішті қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар, оның ішінде бағдарламаларды іске асыру бойынша барлық шараларды белсенді қабылдаулары қажет.

Эльмира Садвокасова