COVID-19: Қазақстан

Өңірдегі эпидемиялогиялық ахуал

Қазіргі күні облыста вирус жұқтырған адамдардың саны 68-ге жетті. Ал симптомсыз ауру тасымалдаушылар – 54. Екінші тізім өткен аптаның нәтижесі бойынша құрылған. Бойынан індет анықталғандардың арасында балабақша жасындағы бала да бар екен.

Облысымызда 122 адамнан коронавирус табылды. Олардың 68-і симптомды болса, 54-і – симптомсыз. Мамандардың айтуынша вирус жұқтырғандардың басым бөлігі – көрші Ресейден оралған ел азаматтары. Дертті жұқтырғандардың жастары әр түрлі. Мысалы, соңғы аптада балабақшаға баратын баладан да індет анықталды. Ол 2017 жылы туылған екен.

Әсет Жұматаев:

– Маусымның 7-сі күні 87-ші жылы туылған қала тұрғыны ыстығым көтеріліп, тамағым құрғады деген шағыммен дәрігерлерге жүгінді. Зерттей келе нәзікжандының бойынан КОВИД-19-дың бар екені анықталды. Белгілі болғандай азаматшаға дертті оның күйеуі жұқтырыпты. Ол мамырдың 25-і мен 30-ы аралығында өңірден тыс жерде болған екен. Ауырғандармен 5 тұлға потенциалды және 4 тұлға жақын қарым-қатынаста болған. Араларында балабақшаға баратын бала да бар. Одан да инфекция табылды.

Балақай вирусты жұқтырған, бірақ өзі ауырмайды. Тек тасымалдайды. Онымен жақын және потенциалды қарым-қатынаста болған 25 адамнан тиісті тест алыныпты. Індеттің таралмауы үшін қазір балабақша 14 тәулікке жұмысын тоқтатқан. Дезинфекция шаралары жүргізіліп жатыр.

Баймұқан Бердімұрат – тілші:

– Қазіргі күні өңірге Ресейден тәулігіне 400-ге дейін адам келеді. Басым бөлігін жүк тасымалдаушылар құрайды. Мәселен, сәуір айының 14-інен бастап солтүстіктегі көршілерімізбен шекарадағы бақылау пункттері арқылы елге 17 мыңнан астам тұлға өткен. Олардың 75 пайызы осы жүк көліктерін тізгіндеген жандар екен. Бұрын олар шекара бекетінде анкета толтырып, вирустың алдын алу шараларымен танысатын. Салдарынан тексеріс уақыты да ұзаққа созылды. Аталған мәселе бойынша ҚР бас санитарының қаулысына өзгеріс енгізілді.

Әсет Жұматаев:

– Бүгінгі таңда жүк тасымалдаушылар сауалнама жүргізіп және де сол жерде зертханалық тексерістен өтіп, бара жатқан жолына кедергі жасалмай бірден жөнелтіледі.

Төтенше жағдай кезінде ауыру адам анықталған үйлердің подъездерін мамандар жауып тастайтын. Қазір олай жасалмайды. Сондай-ақ, бойынан коронавирус табылған тұлғамен қатынаста болғандар бұрынғыдай бірден карантиндік стационарға жатқызылмайды.

Әсет Жұматаев:

– Енді ауру адаммен жақын қатынаста болғандар тек 14 күнге үйде оқшауланады. Егер ережені бұзып жатса ғана оларды карантиндік стационарға жатқызамыз. Ал потенциалды байланысқа түскендерге эпидеминың алдын алу шарасын сақтау жайында қолхат аламыз.

Енді індет жұқтыру қаупі жоғары азаматтар ғана тексерістен өтуге міндеттеледі. Бұл категорияға әскерге шақыртылған азаматтар, медициналық қызметкерлер мен аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер жатады.

Баймұқан Бердімұрат