ӨнеркәсіпБизнес және экономика

“EcoMol Sergeevka” серіктестігінің өнімі таяу арада нарыққа шығад

Мемлекеттен қолдау көріп, өз ісін өркендетті. Альбина Рашитова есімді жерлесіміз “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша несие алып, сүт өңдейтін зауыт ашты. Жақын арада “EcoMol Sergeevka” серіктестігінің дайын өнімі нарыққа шығарылады.

Бұл – “EcoMol Sergeevka” серіктестігі. Аталған кәсіпорынды Альбина Рашитова есімді жерлесіміз ағымдағы жылдың қаңтар айында ашқан. Мұнда сүт, ірімшік және сары май өндіріледі. Бірақ, бүгінге дейін дайын өнім дүкен сөрелеріне шығарылмаған екен. Себебі, карантин кезінде шаруа тоқтап тұрыпты. Ал қазір зауыттағы жұмыс қалыпты режимде жүргізіліп жатыр.

Альбина Рашитова – “EcoMol Sergeevka” ЖШС директоры:

– Біздің завод күніне 6 тонна сүт қабылдайды. Алдағы уақытта 10 тонна қабылдауға дайынбыз. Ақты жергілікті фермерлік шаруашылық әкеледі.

Қазір мына жерде дәмі тіл үйірер сүзбе дайындалып жатыр. Ол ақтың сарысуынан жасалады. Қазандықтағы температура жоғары болуы тиіс. Ал әзірлеу процесі 2-3 сағатты алады.

Евгений Гноевых – “EcoMol Sergeevka” ЖШС операторы:

– Сүзбені 82 градус температуда дайындау қажет. Кейін дайын өнімді қаптамаға салып, тоңазытқышқа қоямыз.

Зауыт заманауи қондырғылармен жабдықталған. Оларды кәсіпкер Ресей елінен сатып алыпты. Қаржыны мемлекет ұсынды. Жергілікті іскер жан “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктен 20 млн теңге несие алған екен.

Гүлбаршын Дәулетбаева – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры СҚОФ директорының орынбасары”:

– “EcoMol Sergeevka” серіктестігі қондырғыларды сатып алу үшін банктен несие алды. Қарыз рәсімдеу кезінде іскер жанның кепілдік заты аздық етті. Сондықтан, “Даму” қоры займ сомасының 71 пайызын кепілдендірді.

Бүгінде “EcoMol Sergeevka” серіктестігінің зауытында 11 қызметкер еңбек етеді. Айта кету керек, биыл “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры СҚО-да 3 млрд теңгеге жуық қаражатқа 34 жоба кепілдендірмекші.

Дана Ешкенова