Қоғам

Қамқор жастар мұқтаж жандарға азық-түлік таратты

Ұн, күріш, сұйық май мен тәтті-дәмді. “Келешек” жастар кеңесінің мамандары мұқтаж жандарға азық-түлік таратты. Игі іс мамыр айының соңында бастау алған. Белсенділер бүгінге дейін 10 отбасыға қолдау білдіріпті.

Облыстық кәсіподақтар орталығының “Келешек” жастар кеңесінің өкілдері бірінші Шақар Қанафинаның үйіне келіп, азық-түлік толы қорап табыс етті. Сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана сұрапыл соғыс жылдары тылда еңбек етіпті. Кейін Қарағандыдағы педагогикалық институтта тарихшы мамандығы бойынша білім алған. Оқу орнын аяқтаған соң жерде-жерде мұғалім боп жұмыс істеген. Жалпы еңбек өтілі 40 жылға жуықтайды. Жерлесіміз 98-ші жылы Петропавлға қоныс аударады. Жастармен әңгіме барысында Шақар апамыз өткен күндерді баян етті.

Шақар Қанафина – тыл еңбеккері:

– Кешкісін жүн иіріп солдаттарға биялай, шұлық тоқимыз. Мен білезігін шығара алмайтын едім, оны анам істеп беретін. Солай күн көрдік. Соғыс уақытындағы балалық шағым осылай өтті.

Шақар Қанафина жолдасымен бірге 3 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан 3 немере мен 1 шөбере сүйіп отыр. Бұдан соң, жастар Нина Теплинскаяның үйіне барды. Нәзікжанды зейнет жасына дейін облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы болған. Аяғын жарақаттап алған кейуана үйінде ем қабылдауда.

Нина Теплинская – зейнеткер:

– Осындай қайырымды жандардың болғаны бізге қуаныш сыйлайды. Ұмытпай әрдайым көмек көрсетіп тұрады. Жастарға ризашылығымды білдіремін.

“Келешек” жастар кеңесі мамыр айының соңынан бері 10 отбасыға қолдау көрсеткен. Алдағы уақытта 40-тан астам жанұяға жәрдем беру жоспарланып отыр.

Актолкын Солтанханкызы