Қоғам

Қызыл оба ескерткішінде археологиялық жұмыстар жалғаспақ

45 күндік экспедиция! Былтыр Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының маңынан ортағасырлық Қызыл оба ескерткіші табылып, қазба жұмыстары басталған болатын. Биыл маңызды іс өз жалғасын таппақ. Оған жергілікті және павлодарлық ғалымдар мен студенттер қатысады.

Ботай, Долматов сынды археологиялық ескерткіштер республикалық мәдени мұраның қорына енді. Мұның өзіндік себебі бар. Соңғы жылдары “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өңірімізде қазба жұмыстарына қарқын қосылды. Статистикаға сүйенсек, бір ғана теріскей жерінде 100-ден аса нысанда тиісті шаруа атқарылыпты. Нәтижесінде өткеннен сыр шертетін жәдігерлер табылған. Ал былтыр тарихи сенсация тіркелді. Өлкемізде сонау ғасырлардан қалған Қызыл оба қорымы анықталды.

Рақат Мамбеталинов – Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Өткен жылы Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының маңынан ортағасырлық Қызыл оба ескерткіші табылды. Бұл біз үшін сенсация болды. Өйткені, сонау 14-ші ғасырдан, яғни Алтын Орда кезенінен қалған қорым анықталды. Сөйтіп, зерттеу жұмыстары басталды.

Зерттеу барысында археологтар түрлі жәдігерлерді анықтады. Мәселен, алтыннан жасалған сырға, күмістен құйылған әшекейлер табылды. Мұндаға кірпіштер жайлы айтпай кетуге болмас. Себебі, бұл материал қорымның орта ғасырға тиесілі екендігін айқындап тұр. Қазба жұмыстарына Павлодар және жергілікті университеттердің ғалымдары мен студенттері қатысты. Маңызды іс биыл да өз жалғасын таппақ.

Ақмарал Ыбыраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры, тарих ғылымдарының докторы:

 – Археологиялық жұмыстар жол картасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Алдымен – мұрағаттық, кейін археологиялық зерттеу жүргіздік. Енді, мазарда толыққанды қазба жұмыстары басталмақ. Сол мақсатпен ертең біздің университеттің студенттері, ғалымдар мен археологтары Қызыл оба қорымына аттанбақ.

Айта кетейік, археологиялық қазба жұмыстары 45 күнге жалғаспақ. Оған 30 адам қатысады деп жоспарланып отыр.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана