МТРА жаңалықтары

Шаһар аулаларының бірінде алғашқы бөлек автотұрақ жасалды

Көліксіз аула – қауіпсіз аула. Петропавлдағы көпқабатты үйлердің алдын  тізіліп тұрған темір тұлпарлардан босатпаққа биыл 10 шақты бөлек автотұрақ салынады. Алғашқысы қолданысқа берілді. Оның сапасын бүгін аймақ басшысы бақылап, тексеріп қайтті. Ал көп кешікпей облыс орталығында тағы бір кинотеатр жұмысын бастамақ.

Новая көшесі. Жақын маңда 5-6 үй. Осыдан бірер апта бұрын жергілікті жұрт темір тұлпаларын қайда қоярын білмей дал болатын. Мәселе шешілді. Олардың игілігінде енді су жаңа автотұрақ. Тегін. 50 шақты көлікке арналған алаң кең ғана емес, әрі қауіпсіз яки біреудің мүлкін бүлдірген жан жауапкершіліктен құтылмайды. Тәртіпті қос камера қадағалайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүкіл үйлердің айналасын біз көліктерден босатуымыз керек. Адамдар кәдімгідей аулаға шығып, қыдырып, демалулары керек.Үйдің алдында машина тұрмауы керек.

Тұрғындар ырза, тек дағды ма әлде жауапсыздық па, әйтеуір көлігін таяқ тастам жердегі тұраққа емес, әлі аулаға қоятындар бар.

Наталья Мамонтова:

– Көрші үйдің ауласы көлікке толып тұр әлі. Әп-әдемі тұрақ салып берді, сонда да болатын емес. 100 метр жаяу жүруге еріне ме, кім білсін?! Алдынан бала жүгіріп шықса, соғып кетуі мүмкін. Соны түсінбейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Міндетті түрде шлагбаум қойылатын болады.

Шлагбаум жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктері үшін ғана ашылады. Осылайша аулалар балалар үшін қауіпсіз болады, подъездердің алды тізіліп тұрған көліктерден босайды, ал шөбі қаулаған бос аумақтар қолданысқа жаратылады. Биылдың өзінде Петропавл бойынша мұндай 10 тұрақ жасау межеленіп отыр. Ал болашақта барлығы 50-ге тарта орын жарақталмақ.

Таза ауамен болашақ “Самал” тұрғын үй кешенінен пәтер алғандар да тыныстайтын болады. Тек себеп әсте бөлек көлік тұрағында емес, орналасқан жерінде. Айнала – орман. 3 қабатты 4 үй, әрқайсысында – 38 пәтерден. Әзірге, алғашқы екеуі салынып жатыр. Бұл – коммерциялық жоба. Пәтерлер кең, жайлы, содан бағасы да қымбаттау – шаршы метрі 195 мың теңгеден.

Андрей Асаёнок – “Future.Kaz” ЖШС директоры:

– Қазірдің өзінде пәтерлердің 80 пайызы сатылған. Баспананы ипотекаға екінші деңгейлі банктер не Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алуға болады.

Яғни, қарапайым жұмысшы азамат үшін қолжетімді. Облыс әкімі үйлерді тек мемлекет есебінен ғана тұрғызу дұрыс емес дейді. Коммерциялық баспана да салынуы тиіс. Қарқын жаман емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2016 жылы мұндай 198 пәтер қолданысқа берілсе, былтырдың өзінде көрсеткіш 3 есеге артқан. Осы жолдан таймауымыз керек. Инвесторларға көмектесуге әзірміз.

Ал келесі жаңалық киносүйер қауымды қуантары сөзсіз. Маусымның 15-і, яғни алдағы дүйсенбіден бастап шаһар кинотеатрлары ашылады. Одан қалды, олардың саны тағы біреуге артпақ. Фильмдерді тамашалайтын жаңа орынның алғашқы көрермендері – журналистер мен облыс әкімі.

Бейне мен дыбыстың сапасы таңдай қақтырады. Әрине, бельгиялық лазерлік проектор мен “Dolby Atmos” форматты дыбыстың нашар болуы екіталай. Директордың сөзіне сенсек, тіпті, креслолардың өзі тура Италиядан әкелінген. 1 үлкен, 4 шағын зал бар. Қысқасы, демалыс орны елорда не алматылық кинотеатрлармен бәсекелесе алады.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек